
Тұран ауданы аумағында қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның айқын дәлелі ретінде «Тұран» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған сенбілікті атап өтуге болады. Аталған іс-шара «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткізілді.
Сенбіліктің негізгі мақсаты – тек қоқысты жинап, көшелерді тазалау ғана емес, сонымен қатар тұрғындарға қоршаған ортаны аялаудың маңыздылығын түсіндіру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қала аумағының көркін арттыру болып табылады. Тазалық жұмыстары кезінде ауданның бірқатар көшелері мен аулалары қамтылып, ретке келтірілді.
Атап айтқанда, Республика даңғылы бойындағы №36, 36а, 38 мекенжайларында, Гагарин көшесіндегі №137, 141, 141а, 143 үйлердің аумағында, Темірлан тас жолының бойындағы №40, 40а, 40б нысандарында, сондай-ақ Иляев көшесінің №11, 13, 15 үйлері маңында кең көлемде тазалық жұмыстары жүргізілді. Қалдықтар шығарылып, жол жиегі мен аулалардағы қоқыс жиналды, жасыл аймақтар реттеліп, ағаштар мен бұталардың түбі әктелді. Бұл шаралар тек аудан аумағының тазалығын сақтап қана қоймай, жалпы қаланың экологиялық ахуалына оң әсерін тигізеді.
Сенбілікке коммуналдық мекеме қызметкерлерімен қатар жергілікті тұрғындар да атсалысты. Олардың белсенділігі мен ынтымақтастығы – ауданымыздағы қоғамдық жауапкершіліктің жоғары деңгейін көрсетеді. Мұндай игі шаралар тұрғындардың өз ортасына деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
«Таза қала – жарқын болашақ!» ұранымен өткен сенбілік барысында қала мәдениетінің ең маңызды бөлігі саналатын тазалық пен тәртіпке ерекше көңіл бөлінді. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табады. Жоспарға сәйкес, Тұран ауданы аумағында көктем және күз мезгілдерінде ауқымды сенбіліктер өткізіліп, әрбір аула мен көше кезең-кезеңімен тазартылатын болады.
Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру – тек әлеуметтік немесе инфрақұрылымдық жобалармен ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары арқылы да жүзеге асады. Тазалықты сақтау – әрбір азаматтың борышы. Осы орайда, «Тұран» коммуналдық мемлекеттік мекемесі барлық қала тұрғындарын табиғатты қорғауға, айналаны таза ұстауға, сенбіліктерге белсенді қатысуға шақырады.
Экологиялық мәдениеті қалыптасқан, жасыл желекке бөленген, таза әрі көрікті қала – біздің ортақ мақсатымыз.