«Таза Қазақстан» акциясының маңызы мол
«Таза Қазақстан» акциясының маңызы мол
13.04.2024 13:18
43
0

         «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді. Мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді» деген сөз бар. Иә, ағаш егу – әрбір азаматтың парызы.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынған "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында . Шымкент қаласы көгалдандыру жұмыстарын белсенді бастады. Бірқатар көшелерінде көгалдандыру және жинау, ағаштарды күту жұмыстары жүргізілді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты-қоршаған ортаны қорғаудың маңызды мәселелері мен экология мәселелеріне жұртшылықтың назарын аудару. Жалпықалалық тазалық іс-шарасы мегаполистің ірі магистральді көшелері – Республика, Тәуке хан, Б.Момышұлы даңғылдарында, А.Байтұрсынов пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында да жалғасты. Әл-Фараби және Тұран аудандарына қарасты аумақта өткен жұмысқа екі ауданның тұрғындары, Шымкент қалалық орыс драма театрының директоры И.Вербицкий мен қалалық Жастар ресурстық орталығының жастары қатысты.

         – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып отырған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы жастар тарапынан ерекше қолдауға ие болып отыр. Игі шара қаланың көркеюіне, қоршаған ортаның тазаруына ғана әсер етіп қоймай, жастардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін, Отанымызға деген махаббатын арттыра түсетіні анық. Бүгін қалалық Жастар ресурстық орталығының жастары, қаладағы жоғары оқу орындардың студенттері таңнан бері «Таза өлке» апталығы аясында ұйымдастырылып отырған «Таза Қазақстан»  шарасында белсенділік танытып отыр, - дейді қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Заманбек Орынбеков.

         Айта кетейік, тазалық жұмыстарына мыңнан астам белсенді жас пен студенттер қатысып, 13 аялдаманың қабырғалары мен орындықтарын жуып, қоқыс жәшіктері, аяқжол айналасын қоқыстан тазартты. Сонымен қатар, 600 түп ағаш әктеліп, 1 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Сондай-ақ, мегаполистің барлық аудандарында абаттандыру және көгалдандыру, аумақты тазарту және жинау жұмыстары жүргізілуде. Күн сайын әр ауданда санитарлық жұмыстарға 200-300 жұмысшы мен ондаған техника тартылады. Акция аясында коммуналдық мекемелер аялдамаларды жуу, ескерткіштерді тазалау, ағаштарды әктеу, қопсыту, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде. Аталған акцияға аудан тұрғындары, мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, сала ардагерлері ерекше қолдау білдірді.

 

 

 

0 пікір