Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 6 сәуір мен 11 мамыр аралығында су тасқыны болмаған өңірлерде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтті.✔️Аталған бастаманы қолдау мақсатында апта сайын «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» атты шаралар ұйымдастырылып, елді мекендердің аумақтарын көгалдандыру, санитариялық тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша акцияға 2,4 миллионға жуық адам, соның ішінде еріктілер, қоғам қайраткерлері, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен кәсіпкерлер қатысты. Жүздеген мың аула мен 20 мыңнан астам әлеуметтік нысанның аумағы тазартылды, 900 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды, шамамен 2,5 миллион көшет отырғызылды. 4,6 мыңнан астам қоғамдық орындар, саябақтар, шағын бақтар абаттандырылды. Шамамен 300 мың шаршы метр көше-жол жабыны (плитка, кеспе тас және т.б.) жөнделді және ауыстырылды. 5 мыңнан астам тарихи-мәдени нысан және 758 субұрқақ ретке келтірілді.
Сонымен қатар өзендер мен көлдердің және басқа да су айдындарының айналасындағы 5,8 миллион шаршы метрден астам аумақ, 8,4 миллион метрден астам арық тазартылды.
Аталған іс-шараға 40 мыңнан астам арнайы техника тартылды.
Сонымен қатар су деңгейі төмендеп, қауіп-қатердің азаюына байланысты су тасқыны болған өңірлердің әкімдіктері биылғы маусым айынан бастап республикалық экологиялық акцияға қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Қазіргі уақытта Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет Халық арасында экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті. Құжат биылғы 1 қыркүйекке дейін дайындалады. Бекітілген тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін әкімдіктер алдағы 5 жылға арналған тиісті өңірлік жоспар қабылдайды.