ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: ШЫМКЕНТТЕ «ЖАСЫЛ АЙМАҚ» ЭКОАПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ
ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: ШЫМКЕНТТЕ «ЖАСЫЛ АЙМАҚ» ЭКОАПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ
25.04.2024 08:17
103
0

 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылдың 8 сәуірінен елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтуде. Бұл ауқымды акцияның 3-аптасы «Жасыл аймақ» деп аталып, апталық барысында елді мекенді қоқыстардан тазарту, ағаш көшеттерін отырғызу, әктеу және бұтау секілді шаралар атқарылып жатыр. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Жасыл аймақ» экологиялық апталығы аясында Шымкентте сенбіліктің үшінші аптасы қарқынды жұмыстармен жалғасын тапты. Ауқымды экоакция шеңберінде қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріз желілері, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш бұл іс-шараның «Жасыл аймақ» деп аталған апталық аясында жоспар бойынша көшет отырғызу жұмыстарын жүргізу керек болатын. Бірақ көшет егу маусымы аяқталғандықтан сенбілікке қатысушылар талдарды әктеп, орындықтар мен жақтауларды сырлаумен айналысты. Шым қаланың тұрғындары эко іс-шараларға белсенді қатысып, әрбір тұрғын қаланың тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда. 

—Таза Қазақстан акциясы аясында Қаратау ауданына қарасты Тұран-1 шағынауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан балалар ойын алаңшаларында сырлау жұмыстарын жүргізудеміз. Акцияға тұрғындар да белсене қатысуда. Жалғыз әкімдіктің көмегімен барлық жерді тазартып шығу мүмкін емес. Сондықтан тұрғындарды белсенді болуға шақырудамыз, - деді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Парманов.
Тұран 1 шағынауданында өткен тазалық акциясына жастар ресурстық орталығының жастары, Шымкент қалалық опера және балет театрының қызметкерлері, Қаратау аудандық коммуналдық мекемесі, тұрғындар, мектеп оқушылары атсалысып, жалпы 100 ге жуық адам тазалық жұмыстарын атқарды. Қаратау аудандық коммуналдық мекемесінен 20ға жуық техника жұмыс істеп, өсіп кеткен шөптерді орып, ағаш бұталарды қырқып, ретке келтірді.
Айта кетейік, Сәуір айының 27-сіне дейін «Жасыл аймақ» тақырыбымен өтетін апталық ағаш көшеттерін отырғызу, көшеттерді әктеумен ерекшеленеді. Сондай-ақ, баршаңызды қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлестеріңізді қосып, көпшілік орталарда белгіленбеген жерге қоқыс тастамауға, тұрғын үйлеріңіздің аумағын тұрақты түрде абаттандырып отыруға және тазалықты насихаттауға шақырамыз!

0 пікір