ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: «ҰРПАҒЫҢА ҚАЛДЫРҒАН ӨНЕГЕҢ МОЛ»
ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: «ҰРПАҒЫҢА ҚАЛДЫРҒАН ӨНЕГЕҢ МОЛ»
02.05.2024 11:45
29
0

      “Тазалық-табалдырықтан басталады”, сондықтан қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау әр азаматтың басты міндеті болып табылады. Тазалықты жай ғана қарапайым сөз емес, үлкен ұлағатты, мағыналы сөздердің бірі деп қарастырғанымыз жөн. Өйткені денсаулықтың кепілі — тазалық. Қала аумағында тазалық жұмыстары күн сайын жүргізілуде.

     Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Өнегелі ұрпақ» апталығы өтіп жатыр. Бұл апталықта түрлі атаулармен іс-шаралар ұйымдастырылып, апталықтың маңыздылығын аша түскендей. Сондай іс-шараның бірі - «Ұрпағыңа қалдырған өнегең мол» атаумен өтуде. Осы атаумен өткізіліп жатқан іс-шара бойынша Д.Қонаев мұражайының ауласында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шараға қаланың белсенді жастары, студенттер және Тұран ауданының тұрғындары атсалысып, 80-ге жуық астам адам қатысты. Қала жастары мұражай аумағын қоқыстан тазартып, шөптерін орумен, мұражай ішінде шаң-тозаңды сүртіп, тазалық жұмыстарын жүргізумен айналысты. Жастар тек қана тазалық жұмыстарын жүргізіп қойған жоқ, сонымен бірге Д.Қонаевтың өмірі мен қызметі жайлы пайдалы ақпараттар да алды. Іс-шараға белгілі қоғам қайраткерлері Шәріпбек Жамалбек, Пернеев Ерназар және басқа да азаматтар қатысып, өз үлестерін қосты. Жастарға ақыл-өсиетін айтып, бағыт-бағдар берді. Ал «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Бекзат Төлебай іс-шара мен оның маңыздылығына тоқталып, жастарға берер тәлім-тәрбиесін ерекше атап өтті.

    Қала – ортақ үйіміз. Сондықтан оның көркейіп, гүлденуіне әрбір тұрғын бей-жай қарамай, қоқыс-қалдықтарды кез келген жерге лақтырмай, таза ұстауға атсалысуы тиіс. Тазалық—денсаулық кепілі. Ал денсаулық — әр адамның өмірінің байлығы. Осы қағиданы тек науқандық шараға ғана айналдырмай, біздің күнделікті тіршілігіміздің тынысы мен міндеті санай білсек, «Таза Қазақстанның» бейнесі де әрқашан жарық та жарқын болатыны сөзсіз.

0 пікір