«Тазалық өзімізден басталады» атты экологиялық акциясы Тұран ауданында кең көлемде өтті
«Тазалық өзімізден басталады» атты экологиялық акциясы Тұран ауданында кең көлемде өтті
26.07.2025 21:31
45
0

Шымкент қаласының Тұран ауданында «AMANAT» партиясының бастауыш ұйымы «ВРМ»-нің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында «Тазалық өзімізден басталады» атты ауқымды экологиялық акция өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты — тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғауға үндеу және жасыл әрі таза қала кеңістігін сақтау. Бұл бағыттағы шаралар еліміздің әр өңірінде қолға алынуда. Ал Тұран ауданындағы акция — осы игі бастаманың жарқын жалғасы.

Экологиялық акция Г.Орманов көшесінде орналасқан «Су ресурстары Маркетинг» ЖШС аумағында өтті. Іс-шараға бастауыш партия ұйымының мүшелерімен қатар, жергілікті коммуналдық қызмет өкілдері, еріктілер мен табиғатқа бейжай қарамайтын тұрғындар белсенді қатысты. Қатысушылар тұрмыстық және кездейсоқ тасталған қалдықтарды жинап, айналаны абаттандыруға өз үлестерін қосты.

Тазалық жұмыстары тек бетін сипап өтумен шектелмей, нақты әрі жүйелі сипат алды. Атап айтқанда, аумақты күл-қоқыстан тазартып қана қоймай, бейберекет өскен және қураған ағаш-бұталар кесіліп, арнайы орындарға шығарылды. Арықтар мен су арналарындағы қоқыс пен лай тазаланды. Бұл шараның нәтижесінде санитарлық жағдай едәуір жақсарып, табиғи ортаға зиян келтіретін элементтер жойылды.

Экологиялық акция барысында қатысушылар табиғатты қорғау — тек мекеме немесе ұйымның ғана емес, әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтті. Олар көршілерін, отбасы мүшелерін және ұжымдарын айналаны таза ұстауға, өз ауласынан бастап, қалаға деген жанашырлықты арттыруға шақырды. Бұл — ел азаматтарының бойында экологиялық сананы, жауапкершілік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды үндеу болды.

Мұндай акциялар қала экологиясына оң әсер етіп қана қоймай, халықтың табиғатқа деген қарым-қатынасын түбегейлі өзгертеді. Күнделікті өмірде қоршаған ортаны қорғау, қоқысты сұрыптау, жасыл желекке қамқорлықпен қарау — заман талабы. Тұрғындардың белсенділігі мен ынтасы осы шараның табысты өтуіне үлкен үлес қосты. Экологиялық тәрбиенің негізі отбасынан, ал оны жалпыхалықтық қозғалысқа айналдыру — осындай акциялар арқылы мүмкін болмақ.

«Тазалық өзімізден басталады» акциясы алдағы уақытта да жалғасын тауып, қала тұрғындарын экологиялық сауаттылыққа және жауапкершілікке тәрбиелеу ісінде маңызды құралға айналмақ. Бұл — тек ағымдағы іс-шара емес, болашақ ұрпаққа жарқын, жасыл әлем қалдыру жолындағы ортақ бастама.

0 пікір