ТЕКТІ СӨЗДІҢ ТӨРЕСІ – ТЕРМЕ
ТЕКТІ СӨЗДІҢ ТӨРЕСІ – ТЕРМЕ
17.06.2024 13:30
80
0

Қазақ халқында «терме»  атты синкретті өнер бар. Ата-бабамыз терме арқылы күнделікті өмірде кездесетін жағдайларға байланысты ақыл-кеңес беріп, жастарға өнеге айтып, жақсы дүниеге насихат жасап отырған. Терменің айтар ойы ұшқыр болғанымен, тілге жеңіл, құрылымы қарапайым, мазмұнын кез-келген адам түсіне алады. Атадан балаға мирас болып келе жатқан осынау аманатты ертеңгі ұрпаққа жеткізу біздің еншімізде. Терме – қазақи тәрбие құралы, қара өлеңнің мәйегі. Баршаға мәлім халқымыздың дау-дамайды бір ауыз сөздерімен шешкен ділмәр шешендері мен данышпан билері болған. Олардың жауһар жырлары мен өсиеті де өнегелі сөздері басылымдар арқылы және дүлдүл термешілер мен әншілердің орындауында бізге жетіп отыр.

Шымқаланы екі күн жырға толтырып, терменің өсиетіне қанықтырған байқау мәресіне жетті. Шалқар Әбішұлының 80 жылдығы мен қазақ мұрасы термені насихаттау мақсатында ұйымдастырылған кештің қорытындысы “Түркістан” сарайында дүркіреп өтті. Кеште елімізге танымал әнші, жыршылар өнер көрсетті.

Жыр додасы Астана жас көрермендер театры сахналаған Шалқар ақынға арналған қойылыммен басталды. Ақынның туылғаннан өмірінің соңына дейінгі ғұмыр жолын суреттеген қойылым көрермен жүрегіне жетті.

Салтанатты жиынға Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Басқарма басшысы терме байқауы алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізілетінін айтты.

Мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев бастаған қазылар шешімімен бас жүлде автокөлік Қызылорда қаласынан келген Мирас Сүгірбайдың қанжығасына байланды.

Ал бірінші орын мен 1 млн ақшалай сыйлық жерлесіміз Ербол Қалмырзаевқа бұйырды. Жүлделі орындардан бөлек ең жас термеші номинациясын Аяжан Акиева иемденсе, Шалқар ағамыздың жары Мариям анамыздың “Ананың ақ тілегі” жүлдесі Оразалы Игілікке бұйырды.

         «Терме сазы» жинағы – текті сөздің төресі термелер тыңдап, өнеге алар жырлардан құлағдар болғысы келген жандарға арналған тамаша туынды. Жыр, терме – бабалар тілегі. Атадан балаға қаймағы бұзылмай жеткен ұлттық өнерді алқалы әлеуметке боямасыз ұсыну әрбір өнерлі ұланның парызы. Қазақтың ұлттық музыкасы – ұлттың інжу-маржаны. Жыр-терменің пішіні мен мазмұны толғауға біршама жақын. Толғауда қоғамдық-әлеуметтік сарындар басым болса, ал термеде көбіне күнделікті өмірге, рухани, мәдени тірлікке қатысты жағдайлар көп мәнге ие болады. Жыр да сөз бен әуен сабақтасып келгендіктен, ол синкретті өнерге жатады. Сөздің мағынасы, әсерлілігі, ырғағы ширақ келуі қандай маңызды болса, әуеннің, домбырамен сүйемелдеудің де үлкен мәні бар. Жыр-терме сөзді әсерлі де айқын, анық жеткізуге лайық қысқа қайырылатын, жеңіл желдірмелі регитативті әуенмен айтылады.
Бабаларымыз ат үстінде найзасына сүйеніп мызғып алып, ұлан-ғайыр жерін қорғай жүріп, дәстүрлі өнерді көзінің қарашығындай сақтап, халықтың мұң-мұқтажын қара домбырамен жеткізген. Ұлттық өнерді кейінгі ұрпаққа насихаттауды мақсат тұту әркімге парыз.

 

0 пікір