Төлеби тату-тәтті түрлі этнос өкілдерінің ортақ Отаны
Төлеби тату-тәтті түрлі этнос өкілдерінің ортақ Отаны
03.06.2024 13:06
44
0

 

Төлеби тату-тәтті түрлі этнос өкілдерінің ортақ Отаны. Мұндағы өзге ұлт өкілдері де қазақтың салтың салтын сақтап, дәстүрін дәріптеп отыр. Ауызбіршілікті одан әрі нығайту мақсатында  жергілікті атқарушы билік пен құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен алқалы жиын болып өтті.Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев аудандағы этносаралық қақтығыс алдын алу бойынша аудандық прокуратура, полиция қызметкерлерімен бірлескен іс-шара жоспарын жүзеге асыру бойынша кеңесті.

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев баяндама жасап, этнос өкілдері орналасқан елдімекендердегі өзекті мәселелер бойынша ай сайын аудан әкімі мен орынбасарлары, атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдерінің қатысуымен тұрғындармен кездесулер өткізу керектігін атап өтті.

Бейсенбай Тәжібаев этнос өкілдері шоғырланған аймақтарда түрлі оқиғаның орын алмауы үшін оның алдын алу, тұрғындар арасында ынтымақ орнату бойынша кешенді жұмыс жүргізу қажеттігіне тоқталды. Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Зағамбар ауылының тұрғындарымен кездесіп, этнос өкілдері шоғырланған ауылдарға талдау жасау керектігін, қақтығыстар орын алмас үшін жастар арасында жұмыссыздықты жою, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдауға қол жеткізу, мектептердегі тәртіп секілді әлеуметтік мәселелердің шешілуіне Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің әлеуетін пайдалану қажеттігін айтты. Жиында ауыл тұрғындары да сөз алып, береке-бірлік пен ел тыныштығын сақтау, халық арасына іріткі салмау, кез келген оқиғада заң аясында жұмыс істеу қажет деп, санайтындарын жеткізді.

            Төлеби ауданының билігі бұдан бөлек, еліміздегі барлық этностардың өздерінің ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, еліміз барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отырады. Елбасының елімізде нәсiлдiк, этникалық, тiлдiк, дiни және өзге де белгiлерiне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы нақты ұстанымын да айта кеткен жөн. Бұл бағытта елімізде бірде бір заң жоқ. Яғни, еліміздегі барша ұлттың баласы теңдікте өмір сүріп жатыр деуге болады. 

Сонау аласапыран жылдары елімізге мыңдаған саяси тұтқындар келіп, қоныстанды. Бүгінде қазақ жерін мекен етіп отырған ұлттардың қай-қайсысы да кезінде елімізге жетіскеннен келмеген. Оларды сол кездегі саясат еркіне қарамай қоныс аудартты. Алайда, жарты бидайды бөліп жеген қонақжай қазақ халқының кең пейілінің арқасында олар естерін жинап, етектерін жапқан. Мұны сол кезде елімізге табан тіреген, көз көрген көнекөздердің барлығы да ашық айтады, алғысын жаудырып отырады. Қиыр Шығыс, Күнгей Кавказ, Солтүстік Кавказ, Қырым, Еділ арнасынан және өзге де елдерден жаппай жер аударулардың арқасында елімізге келген өзге ұлт өкілдері бүгінде өсіп, өніп отыр. Тіпті олардың бүгінгі ұрпақтары қазақ тілінде ана тіліндей сайрайды. Қазақстанның кең-байтақ жерін игеру, тың және тыңайған жерлерге түрен салуға қатысты ұрандатқан жылдары мыңдаған жастар Қазақстанда өз жаңа Отандарын тапты. Қандай мақсатта болмасын, елімізге табаны тиген өзге ұлт өкілдерін халқымыз ерекше жылылықпен және кең пейіл мінезімен қарсы алғандарын еске сала кету қажет. Мұны олардың өздері де сан қайтара айтып жүр.

 

Атап өтейік, осындай қоғамдық-саяси және этносаралық ахуалды талдау бойынша кездесулер облыстың өзге аудандарында да өтетін болады.

 

0 пікір