ТӨЛЕБИЛІК ІСКЕР ӘЙЕЛ ЕБІН ТАУЫП, ЕКІ АСАП ОТЫР
ТӨЛЕБИЛІК ІСКЕР ӘЙЕЛ ЕБІН ТАУЫП, ЕКІ АСАП ОТЫР
23.05.2024 16:27
27
0

Төлеби ауданы, Достық ауылының тұрғыны Феруза Басуова 1 жылдан бері жеміс-жидек пастиласын жасап, табыс табуда. Алма, банан, апельсин жемістерін қақтап, өнімін дүкендерге саудалап отыр. Шағын цехта қызы Камила отбасылық бизнеске қолғабыс жасайды. Елу бір жастағы кәсіпкер ана осылайша кәсібін дөңгелетіп, бизнесін ілгерілетуге күш салуда.

«Жемістерді күнге қатырып немерелерім үшін пастила жасадым. Ұл-қызыма, туыстарыма бұл қатты ұнады. Хобби ретінде басталған сүйікті ісім табыс көзіне айналды. Былтыр қайтарымсыз грантқа ие болып, қажетті құрал-жабдықтарымды алдым. Ендігі жоспарым ет пастиласын жасауды қолға алмақпын. Табиғи өнімге қызығушылық танытатын тұтынушылар жетерлік», - деді Феруза Розматқызы.

Төлеби ауданында жалпы саны 11 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Облыстық кәсіпкерлер палатасы Төлеби аудандық филиалының директоры Маржан Мұсаеваның айтуынша, былтырғы жылы 10-ға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалған. Кәсіпкерлер палатасы мен аудандық прокуратура тарапынан бірлескен меморандум аясында кәсіпкерліктің дамуына қолдау көрсетіліп жатыр.

Аудан прокуроры Оразәлі Әбдірамановтің сөзінше, «Бизнесті қорғау» жобасы аясында заңсыз тексеру жұмыстарын болдырмау басты назарға алынған. Бұл бағытта арнайы жұмысшы топ құрылып, заң шеңберінде тиісті шаралар атқарылуда. Яғни, мораторий мерзімі аяқталғанымен себепсіз тексерулерге тосқауыл қойылып, кәсіпкерлерді жан-жақты қолдау жасалғасын табады.

Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында еліміздегі алғашқы «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» өткен жылы Түркістан қаласында құрылды. Оның мақсаты – кәсіпкер әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту, бизнесті жүргізу үшін оларға қолайлы жағдайлар жасау. Орталыққа кәсіпкер әйелдер, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдер, бастаушы стартаперлер кеңес алу үшін жүгінген. Бұдан басқа, кәсіпкерлікке, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға «Түркістан» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мекемесі қызмет етеді. Барлық аудан және қала орталығында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының филиалдары бар. «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы да әйел кәсіпкерлері тарапынан белсенді қолданылуда. Басқарма тарапынан әйелдерді кәсіпкерлікке тарту мақсатында биыл Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Төлеби, Отырар, Шардара, Ордабасы аудандарында және Түркістан қаласында кәсіпкерлермен кездесу-семинарлар өткізілді. Семинар кездесулердің негізгі мақсаты кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау бағдарламаларын түсіндіру және кәсіпкерлерден кері байланыс алу. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады. 

0 пікір