ТӨЛЕБИЛІК ЖАС СУРЕТШІЛЕР ТАБИҒАТ АЯСЫНДА СЫНҒА ТҮСТІ
ТӨЛЕБИЛІК ЖАС СУРЕТШІЛЕР ТАБИҒАТ АЯСЫНДА СЫНҒА ТҮСТІ
27.05.2024 12:06
27
0

"ТАБИҒАТЫ ТҰНҒАН ӨЛКЕМ". Осындай атаумен Төлеби ауданында жас суретшілер байқауы өтті. Шара  КСРО суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан сурет өнеріне еңбегі сіңген қайраткер Еркін Айтбаевтың 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.  Қылқалам шеберінің құрметіне жас буын өкілдері Төлеби ауданы, Қасқасу ауылдық округінде өзара бақ сынасып, кіл мықтыны анықтады.

Мерекелік жиынға Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев арнайы қатысып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Бейнелеу өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, қыл қалам арқылы суретке тілсіз жан бітірген өнер иесіне ыстық ықыласын білдіріп,  жылы лебізін жеткізді. Сонымен қатар, Төлеби аудандық мәслихат аппаратының басшысы Бақыт Кемелов мерейтой иесін туған күнімен құттықтап, аудан әкімінің, мәслихат төрағасының арнайы құттықтау хатын табыс етті.

Керегетас елді мекенінде ұйымдастырылған байқауға қатысушылар Алатау баурайында, табиғат аясында шабыттана отырып, сурет салды. Жастар бойына Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу мен оларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған байқаудың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев шараның маңыздылығын баяндады. Кез келген елдің атақ-даңқын шығаратын – сол елде туып өскен талантты тұлғалары мен дарынды жастары екенін айтқан Сержан Дауылбайұлы дарынды жастар үнемі мемлекет қолдауына ие болатынын, байқауға қатысушылар арасында ауданымыздың абыройын асқақтатып, болашақта Төлеби жерін әлемге танытатын суретшілер тәрбиеленетініне сенімі мол екенін жеткізді.

Еліміздің бейнелеу өнерінде ерекше орны бар қылқалам шебері Еркін Айтбайұлын мерейлі мерекесімен арнайы құттықтау еліміздің түкпір түкпірінен қонақтар келіп, ізгі тілегін, ыстық лебізін білдірді.

Шебердің туындыларының денінде мұнайлы өлкенің бұрынғы-тарихи келбеті бейнеленген. Оның өнегесі мен өнері де өміршең. Өйткені, осы суреттері мақаттықтар үшін тарихи құндылық екені рас. Сондай-ақ, олардың арасында батыр бабалардың портреттері, хандық кезең және салт-дәстүр жиі кездеседі. Өнерде жетістіктен гөрі ниеттің мәні зор. Суретші ең алдымен шебер емес, қиялшыл. Осы екі қасиет суретшіні қатардағы ізбасарлар мен әріптестерінен дараландырып тұрады. 

Байқауда жас суретшілер ауданымыздың әсем табиғатын бейнеледі. Ал, әділ қазылар жүлдегерлерді анықтау барысында олардың ой ұшқырлығына, идеялық мазмұнына, композициялық шешіміне, шеберлігіне баса мән берді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған талантты жастарға диплом мен арнайы сыйлықтар табыстады.

 

0 пікір