ТӨЛЕБИЛІК ОҚУШЫЛАР ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰЛЫҚТАДЫ
ТӨЛЕБИЛІК ОҚУШЫЛАР ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰЛЫҚТАДЫ
30.05.2024 11:22
66
0

 

 

Қазақ дәстүрінде жеңгенің орны ерекше. Жақсы жеңге шешенің орнын жоқтатпайды десе де, батыстың қаңсығын таңсық көрген кейінгі буынның арасында отбасылық құндылықтың ауылы алыстап бара жатқандай. Әсіресе, бұрынғыдай жеңгесімен сырлас болған қыздар некен-саяқ.  Бұрындары қазақ келіндері қайныларының, қайынсіңлілерінің аттарын ешқашан атамаған. Ауылдың үлкендерінен бастап, еңбектеген сәбиіне дейін ат қойған. Себебі, үлкен кісінің есімін атау әу бастан-ақ әдепсіздіктің белгісі болып саналған. Ұлтымыздың салт-дәстүрінде жаңа түскен келін отбасы мүшелері мен жақын туыстарға, көршілерге дейін жанама ат қояды. Мұны қазақта «ат тергеу» дейді. Мәселен, мінезі тіктеу қайынсіңілісін «жуасым», жайбасар қайнысын «жүйрігім» деп атайтын жеңгелер де бар. Сондай-ақ, «Еркежан», «Бикеш», «Мырзам», «Сырғалым» дегендей еркелетіп те атай береді. Келін сонысымен отбасыға қадірлі болады. Жас ұрпақтың бойына осы дәстүрді дәріптеп, салтты сақтау мақсатында Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Көксәйек ауылы, Жеңіс жалпы білім беретін мектебінде « Қыз намысы-ұлт намысы» атты тәрбие сағаты болып өтті. Оқу ордасындағы «Даналық» клубының жетекшісі Қабылбекова Перизат бұған дейін де бала тәрбиесіне қатысты іс-шараларды ұдайы жүргізіп тұрады. Мақсат- өскелең ұрпақтың өз тарихын, салт-дәстүрін, болмысын санасына сіңіріп, ұлтжанды етіп тәрбиелеу.

Отбасылық сайысқа мектеп қабырғасындағы қыз балалар жеңгелерімен қатысып, қазақ отбасындағы қаймағы бұзылмаған нағыз мерейлі отбасы үлгісін көпшілікке паш етті. Жеңге мен қайынсіңілі арасындағы өзара татулықты, сыр мен сыйластықтың шынайы бейнесін көрсетіп, көпті таңдай қақтырды. Ұмыт болып жатқан дәстүрді қайта жаңғыртып, сайыс көркін одан әрі аша түсті. Сайыс шартына байланысты барлық талаптарды бұлжытпай орындап, мағыналы кездесуге белене ат салысты.

Қаймағы бұзылмаған қазақ дәстүрінде жеңге мен қайынсіңлі, қайны арасында ерекше қарым-қатынас орнаған. Олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі, ықыласы, сыйластығын сөзбен жеткізу қиын. Жақсы жеңгелердің кей жағдайда қайныларының шаңырақ құруына да септігі тиіп жатқан. Бұл үшін ол өз ауылынан немесе бірге оқыған құрбыларының арасынан мінезге бай, көргенді, инабатты қыздар іздеп, қайнысымен таныстырып жіберетін. Сол арқылы екі жақсының басын қосып, адам алдында да, Құдай алдында да сауапқа кенеледі.

Қашанда қыз баласы жеңгесіне жақын. Ертелі-кеш жанында жүретін қайынсіңлісіне жеңгенің үйретері көп. Оның үстіне қыздың анасы да «жеңгеңнен үйрен, жанында жүріп жәрдемдес» деп айтып отырса, олардың арасы бұрынғыдан да жақындай түседі. Бүгінгі бойжеткен ертеңгі бір шаңырақтың келіні. Жеңгесі сияқты ол да ертең бір босағаны аттайды. Сонда жеңгесінен үйренгендерін кәдеге асырса барған жеріне құт келін болары анық.

Сайыс соңында отбасылық сайысқа қатысқан барлық қатысушыларға марапат тұғырынан көрініп, құрмет көрсетілді. Арнайы алғыс хаттар табысталып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөлінді. 

Қазақтың әу бастағы салт-дәстүрінде үйге келін болып түскен соң  үлкендерге ілтипат, кішілерге қамқорлық танытататын нәзік жандылардың орны ерекше. Өйткені шаңырақтағы ұл – ұлағатты, қыз – инабатты болып өсуіне жеңгелердің көрегенділігі айтарлықтай әсер етеді. Тіпті енесі дүниеден өтсе қайын інілерін үйлендіріп, қайын сіңлілерін ұзатуға бар күш-жігерін арнайды. Жеңгелер дегеніміз, ең алдымен, ана. Ана туған балаларына үлгі бола білуі керек. Демек, адамзат баласының өмір жібінің үзіліп кетпеуін қада­ғалайды. Өмірдің ыстық-суығына төзіп, отбасының береке-бірлігін ойлайды. Ата-бабадан қалған құнды заттарды көзінің қарашығындай сақтау сынды дәстүрлерге беріктігімен ерекшеленеді. Сөйтіп, шаңырақтың ұйытқысы, әулеттің анасына айналады. 

 

0 пікір