
Тұран ауданы бойынша «Жайлы орта» басқармасы тұрғындарға жайлы, қауіпсіз және эстетикалық тартымды орта жасау бағытында тұрақты түрде жүйелі жұмыстар жүргізуде. Басқарманың басты мақсаты – аудан аумағын абаттандыру, жасыл аймақтарды күтіп-баптау, тұрғындардың демалысы мен тұрмыс сапасын жақсарту болып табылады. Бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеріп қана қоймай, ауданның көркін арттыруға да зор үлес қосады.
Басқарма қызметкерлері көшелерді, саябақтарды, балалар алаңдарын және демалыс орындарын тазалау жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырады. Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында, қоғамдық кеңістіктерде, аялдама аймақтарында және жол жиегінде тұрмыстық қалдықтар жинақталып, тиісті орындарға шығарылды. Қоқыстан тазарту жұмыстары тек аудандағы санитарлық қауіптің алдын алып қана қоймай, ауданның сыртқы келбетін жақсартуға да үлес қосады.
Сонымен қатар, басқарма жасыл аймақтарды күтіп-баптау бағытында да белсенді жұмыстар атқаруда. Саябақтар мен скверлердегі гүлзарларды күтіп-баптау, талдар мен бұталардың айналасын ретке келтіру, қоқыстардан тазалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Аула ішіндегі жасыл желектер мен гүлзарларды күтіп-баптау тұрғындарға жайлы демалыс орындарын қамтамасыз етіп, ауданның көркін арттыруға септігін тигізеді.
Сенбіліктер барысында тұрғындар белсенділік танытып, өз үлестерін қосты. Бірі аула тазалады, бірі гүлзарларды ретке келтірді, енді бірі жас ағаш отырғызуға ат салысты. Мұның барлығы тұрғындардың бір-біріне деген қамқорлығы мен аудандағы ортаға деген құрметінің нақты көрінісі болып табылады. Ауданның әрбір тұрғыны өз ауласын таза ұстай отырып, жалпы аудандағы көріністі жақсартуға үлес қосады.
Басқарма алдағы уақытта да аудандағы инфрақұрылымдық және абаттандыру жұмыстарын жалғастырып, жаңа скверлер мен демалыс орындарын, балалар алаңдарын жөндеуге және салуға жоспар құрып отыр. Сонымен қатар, тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері ескеріліп, жасыл аймақтарды дамыту және қауіпсіздік шараларын күшейту бағытында жұмыстар жүргізілетін болады. Әрбір ұсыныс хаттамалық түрде тіркеліп, бақылауға алынады, бұл тұрғындардың талаптары мен ұсыныстарының назардан тыс қалмайтынын көрсетеді.
Тұран ауданының аумағын таза, көрікті және жайлы қалпында сақтау – тек басқарманың міндеті ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Ортақ күш пен ынтымақтастық арқылы ауданымыз экологиялық тұрғыдан таза әрі жайлы орынға айналады. Барша тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға, жасыл аймақтарды күтіп-баптауға және алдағы сенбіліктерге белсенді қатысуға шақырамыз. Тазалық – әрбір тұрғынның ортақ міндеті, ал сенбіліктер – болашағымызға қалдыратын маңызды қадам.