Тұран ауданында жалпықалалық сенбілік жоғары деңгейде өтті
Тұран ауданында жалпықалалық сенбілік жоғары деңгейде өтті
03.08.2025 16:49
75
0

Елімізде экологиялық мәдениетті дамытуға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған игі бастамалар жүйелі түрде жалғасуда. Соның бірі — ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы.

Аталған акция аясында 2025 жылғы шілде айының соңғы сенбісінде Шымкент қаласы бойынша жалпықалалық сенбілік өтті. Бұл шара қаланың санитарлық жағдайын жақсарту, абаттандыру және экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Қала әкімдігінің бастамасымен өткен сенбілікке барлық аудан тұрғындары белсенді түрде қатысып, өз аумақтарын тазалауға жұмылдырылды.

Айрықша атап өтерлігі — бұл сенбілікке Тұран ауданы да белсене атсалысты. Аудан әкімдігі ұйымдастыру жұмыстарын жоғары деңгейде үйлестіріп, шараға жергілікті мекемелер мен ұйымдардың өкілдерін, коммуналдық қызметкерлерді, сондай-ақ белсенді тұрғындарды жұмылдырды. Атап айтқанда, Тұран ауданы әкімдігі, «Тұран» коммуналдық мекемесінің қызметкерлері, ПИК өкілдері, жастар ұйымдары және еріктілер аталған шараға үлкен жауапкершілікпен қарап, тазалық жұмыстарына қатысты.

Сенбілік барысында тұрғын үй аумақтары, аулалар, саябақтар мен скверлер, жаяу жүргіншілер жолдары, көше бойлары, ирригациялық жүйелер мен арықтар тазартылды. Қатысушылар қоқыс жинап, шөп шауып, ағаштар мен бұталарды ретке келтіріп, шағын архитектуралық формаларды сырлады. Сонымен қатар, кейбір аумақтарда санитарлық өңдеу және көгалдандыру жұмыстары да қатар жүргізілді.

Аудан тұрғындарының белсенділігі ерекше қуантады. Тазалық — әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін жақсы түсінген халық бұл жолы да ауызбіршілік танытып, сенбілікке бірауыздан қатысты. Мұндай шаралар тұрғындар арасындағы ынтымақтастықты арттырып қана қоймай, туған жерге деген жанашырлық сезімін де қалыптастырады.

Аудан әкімі Берік Айдарұлы  сенбілікке белсене қатысқан барлық тұрғындарға, мекеме қызметкерлеріне және еріктілерге алғыс білдіріп, мұндай игі шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті. «Біздің мақсатымыз – тек тазалықты сақтау ғана емес, қоршаған ортаны күтіп ұстау мәдениетін қалыптастыру. Бұл – баршамызға ортақ міндет», – деді ол.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілген сенбілік қоршаған ортаны таза ұстау қажеттігін тағы бір мәрте көрсетті. Табиғатқа жанашырлық — ұлт болашағына деген жауапкершілікпен пара-пар. Осы ретте әр тұрғын өз ауласын таза ұстап, қоғамдық орындарда тәртіп сақтауға үлес қосса, қаламыз көркейіп, тұрғындар үшін қолайлы әрі жайлы орта қалыптасары сөзсіз.

0 пікір