
Тұран ауданында жолдар жыл сайын жаңарып, тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жасалып келеді. Соның ішінде биыл жүргізілген жол жөндеу жұмыстары халықтың күнделікті тұрмысына оң әсерін тигізіп жатыр. Осы жөнінде Тұран ауданының тұрғыны Майсанов Дінмұхаммед өз пікірін білдірді.
«Біздің ауданда бұрын жолдардың жағдайы онша емес еді. Көп көшелерде жол тегістелмеген, кейбір жерлермен жүру қиын болатын. Бірақ соңғы жылдары бұл мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді. Қазір көптеген көшелерде асфальт төселіп, жүріп-тұру әлдеқайда ыңғайлы болды. Өз басым осы өзгерістерге өте ризамын», – дейді Дінмұхаммед.
Оның айтуынша, жол сапасының жақсаруы – тек көлік жүргізушілеріне емес, бүкіл тұрғындар үшін маңызды. «Бұрын көлікпен жүргенде кейбір жерлерде жылдамдықты азайтып, абайлап өтетін едік. Қазір көше тегіс, қозғалыс біршама жеңілдеді. Ата-аналар балаларын мектепке алаңсыз жібереді, қарт адамдар да еркін жүріп-тұра алады», – дейді ол.
Дінмұхаммед әсіресе жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жолдардың салынуын ерекше атап өтті. «Тұрғындар үшін тек жол емес, аяқ жол да қажет. Соңғы кездері жаңа аяқ жолдар салынып, көше бойлары ретке келтірілді. Бұл үлкен өзгеріс деп ойлаймын. Тұрғындардың қауіпсіздігіне басымдық беріліп жатқаны қуантады», – дейді тұрғын.
Ол сондай-ақ көшелердің ретке келуі жалпы ауданның көркіне де әсер етіп жатқанын айтты. «Жолмен бірге көше шамдары жаңартылып, жасыл аймақтар да ретке келтіріліп жатыр. Аудан келбетінің өзгеріп жатқанын күнде байқап жүрміз. Бұл – шын мәнінде тұрғындар үшін жасалып жатқан қамқорлық», – дейді Дінмұхаммед.
Оның айтуынша, бұл өзгерістер кездейсоқ емес, артында нақты жоспар мен еңбек бар. «Мұндай жұмыс бір күнде істелмейтіні түсінікті. Бірнеше ай бойы үздіксіз еңбек еткен жол жөндеуші мамандарға, жобалаушыларға алғысымыз шексіз. Әсіресе осының бәріне ұйытқы болып отырған Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековке және Тұран ауданының әкімі Берік Айдарұлына ризашылығымды білдіремін. Халық үшін жасап жатқан еңбектеріңіз елеулі», – дейді ол.
«Қазір қай көшеге барсақ та, жаңарған жолдар мен ретке келтірілген аумақтарды көреміз. Бұл – әкімдік тарапынан жүйелі түрде жүргізіліп жатқан жұмыстың нақты нәтижесі. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табады деген сенімдемін», – деп сөзін түйіндеді Майсанов Дінмұхаммед.