ТҰРАН АУДАНЫНДА ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ
ТҰРАН АУДАНЫНДА ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ
16.10.2025 10:56
37
0

Шымкент қаласының Тұран ауданында жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда аудан аумағындағы елді мекендерде асфальт төсеу, жаяу жүргіншілер жолын салу және су бұру жүйелерін жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Бұл бастаманың басты мақсаты – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру, көлік қатынасын жеңілдету және ауданның жалпы келбетін жаңарту. Қазіргі таңда Жаңаталап, Достық, Бозарық және Тұран тұрғын алаптарында жол жөндеу жұмыстары жоғары қарқынмен жүзеге асуда.

Мердігер мекемелер бекітілген кестеге сәйкес жұмыс жүргізіп жатыр. Асфальт қабатының сапасына ерекше көңіл бөлінуде. Құрылыс материалдары заманауи стандарттарға сай таңдалып, жолдың ұзақ мерзімді пайдалануға жарамды болуы басты назарда. Жоспар бойынша жол құрылысы нысандары ағымдағы жылдың соңына дейін толық аяқталмақ.

Жаңаталап елді мекенінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылау барысында мамандар тұрғындармен кездесіп, олардың пікірлерін тыңдады. Халық жолдардың салынуы мен сапасына ризашылықтарын білдіріп, көп жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселенің шешімін тауып жатқанына алғыстарын жеткізді. Тұрғындар жаңа жолдар көлік қозғалысын айтарлықтай жеңілдетіп, балалардың мектеп пен балабақшаға баруына қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.

Жол құрылысына жауапты қызметкерлер ауа райының қолайлы кезеңін тиімді пайдаланып, жұмыстарды тәулігіне бірнеше ауысыммен жалғастырып келеді. Әрбір нысанда қауіпсіздік талаптары сақталып, сапа қатаң қадағаланады. Мамандардың айтуынша, төселіп жатқан асфальттың қалыңдығы мен тығыздығы бекітілген нормативтерге сәйкес келеді.

Инфрақұрылымды дамыту бағытындағы бұл шаралар ауданның экономикалық және әлеуметтік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Тұран бүгінде Шымкенттің ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі саналады. Мұнда жаңа тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар мен әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жаңа көшелер салынуда.

Жолдармен қатар аудан аумағында абаттандыру, жарықтандыру және көгалдандыру жобалары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар аяқталған соң, Тұран ауданы заманауи талаптарға сай келетін, тұрғындары үшін жайлы әрі қауіпсіз ортаға айналады.

Жыл соңына дейін жоспарланған барлық құрылыс жобалары толық аяқталса, аудан тұрғындары сапалы жолмен жүру, қоғамдық көлік қатынасын жақсарту және өмір сүру жағдайын арттыру мүмкіндігіне ие болады.

0 пікір