Тұран ауданында «Таза Қазақстан» жобасы жүзеге асуда
Тұран ауданында «Таза Қазақстан» жобасы жүзеге асуда
18.08.2025 19:42
53
0

Шымкент қаласының қарқынды дамып келе жатқан жаңа орталықтарының бірі – Тұран ауданы. Мұнда тұрғын үйлер саны артып, әлеуметтік нысандар салынуда, демек, халық саны да жылдан жылға көбеюде. Осындай өсім жағдайында ауданның санитарлық тазалығы мен экологиялық ахуалына ерекше көңіл бөлінуі заңды құбылыс.

Қоршаған ортаны қорғау, тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында аудан аумағында тұрақты түрде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді. «Таза Қазақстан» республикалық жобасы аясында атқарылып жатқан бұл шаралар ауданның әрбір көшесі мен ауласына, қоғамдық орындары мен жекелеген шағынаудандарына бағытталған.

Апталық және айлық сенбіліктер барысында арнаулы мекемелердің қызметкерлері мен тұрғындар бірігіп қоқыс жинайды, ағаш түбін әктеп, шөп-шаламды шауып, абаттандыру жұмыстарын іске асырады. Әсіресе жаз айларында бұл жұмыстар қарқын алып, қоқыс полигондарына шығарыла­тын тұрмыстық қалдық көлемі бірнеше есеге көбейеді. Сонымен қатар аудан көшелеріндегі контейнерлер саны артып, қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізілуде.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Білім беру ұйымдарында оқушылар мен студенттердің қатысуымен түрлі акциялар мен челлендждер ұйымдастырылып, жас ұрпаққа табиғатты қорғаудың маңызы түсіндірілуде. Мұндай бастамалар «таза орта – салауатты қоғам» қағидасын бекемдей түсуде.

Көгалдандыру ісі де назардан тыс қалған жоқ. Аудан аумағында жыл сайын мыңдаған көшет отырғызылып, оларды күтіп-баптау жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Жаңа саябақтар мен гүлзарлар ашылып, тұрғындар үшін демалыс аймақтары көбейіп келеді. Бұл шаралар ауаның сапасын жақсартып қана қоймай, аудан келбетіне көрік беруде.

Сонымен қатар заңсыз қоқыс төгумен күрес күшейтілді. Арнайы рейдтік шаралар ұйымдастырылып, ереже бұзушыларға әкімшілік шаралар қолданылуда. Қоғамдық бақылаудың күшеюі – тұрғындардың да өз ауласы мен көшесінің тазалығына деген жауапкершілігін арттыра түсті.

Жалпы алғанда, «Таза Қазақстан» жобасы Тұран ауданында нақты нәтижесін беріп отыр. Бұл бастама тек экологиялық жағдайды жақсартуға емес, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, жаңа мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Санитарлық тазалықты сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті, ал бірлікпен жасалған іс ауданның дамуына серпін беретіні сөзсіз.

0 пікір