ТҰРАН АУДАНЫНДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ
ТҰРАН АУДАНЫНДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ
18.10.2025 19:02
37
0

Тұран ауданы аумағында қоршаған ортаны қорғау мен елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Аудан әкімі Берік Айдарұлының тапсырмасына сәйкес, жауапты мекемелер тарапынан елді мекендерде тазалық жұмыстары күшейтілді.

Әкімнің тұрғындармен кездесу барысында айтылған басты мәселелердің бірі – бейберекет тасталған тұрмыстық және құрылыс қалдықтары болды. Бұл өз кезегінде тек ауданның көркін бұзып қана қоймай, экологиялық ахуалға да кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты аудан басшысы нақты тапсырмалар беріп, тазалыққа қатысты шараларды қатаң бақылауға алуды міндеттеді.

Берілген тапсырмаларға сай, Тұран ауданы аумағында кең ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Арнайы коммуналдық техника мен қызметкерлер күшімен қоқыс көп шоғырланған аумақтар тазартылып, тұрғындар жиі баратын қоғамдық орындар, саябақтар мен бос жатқан жер телімдері қоқыстан толық арылды. Тазалық шаралары нәтижесінде бірнеше тонна тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды.

Жұмыстар қысқа мерзім ішінде жоғары сапамен орындалды. Тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында тазалық шараларына аудандық коммуналдық мекемелермен қатар, еріктілер мен белсенді азаматтар да тартылды. Мұндай бірлескен еңбектің арқасында аудан аумағы көркейіп, экологиялық жағдай едәуір жақсарды.

Сонымен қатар, болашақта мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін түсіндіру және профилактикалық жұмыстар қолға алынды. Аудан тұрғындарына тұрмыстық қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға тастау, санитарлық талаптарды сақтау, табиғатты аялау жөнінде түсіндірме парақшалар таратылып, ақпараттық хабарламалар жүргізілуде.

Берік Айдарұлының айтуынша, ауданның экологиялық мәдениетін арттыру – тек әкімдік пен коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ міндеті. «Тазалық – тәртіп пен мәдениеттің көрсеткіші. Әр азамат өз ауласын, көшесін таза ұстаса, ауданымыз да көркейе түседі», – деді әкім.

Тұран ауданында бастау алған бұл игі іс алдағы уақытта да жалғасын табады. Тазалық сақтау шаралары тұрақты түрде өткізіліп, қоғамдық бақылау күшейтіледі. Сонымен бірге, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған акциялар мен сенбіліктер жоспарлы түрде ұйымдастырылмақ.

Мұндай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Тұран ауданы экологиялық тұрғыда таза, көрікті және жайлы өмір сүруге қолайлы аймақтардың біріне айналмақ.

0 пікір