Тұран ауданындағы көше жарығы тұрғындардың қауіпсіздігіне сенімді қадам
Тұран ауданындағы көше жарығы  тұрғындардың қауіпсіздігіне сенімді қадам
28.07.2025 15:53
59
0

Тұран ауданы соңғы жылдары айтарлықтай дамып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып келеді. Соның ішінде аудан көшелерінің жарықтандырылуы – жергілікті тұрғындар тарапынан жоғары бағалануда. Бұл туралы Тұран ауданының тұрғыны Алтынбек Ұлдана өз пікірін білдірді.

Алтынбек Ұлдананың айтуынша, бұрын аудан көшелерінде жарық шамдары аз болатын, ал кейбір жерлерде мүлдем болмаған. Бұл тұрғындардың кешкі уақытта сыртқа шығуын қиындатқан. "Бұрын кеш бата балаларды аулаға шығаруға қорқатынбыз. Көшелер қараңғы, айнала көрінбейтін. Ата-аналар да, үлкен кісілер де өздерін қауіпсіз сезіне алмайтын. Қазір жағдай мүлде өзгерді. Соңғы бір-екі жылда аудан көшелеріне және аулаларға жарық шамдары орнатылып, көз алдымызда үлкен өзгеріс орын алды", – деді Ұлдана.

Ол бүгінде көптеген көшелер мен тұрғын үйлердің аулаларында жарықтандыру жүйелері толық іске қосылғанын атап өтті. "Ең бастысы, бұл шамдар автоматты түрде жанып-өшеді. Кешкі сағаттарда өздігінен қосылып, таңға дейін жанып тұрады. Бұл – өте ыңғайлы. Аулаға шыққанда бәрі жарық, баламызды еркін ойнауға шығара аламыз. Жаяу жүрген адамдарға да, көлік жүргізушілеріне де бұл өте маңызды", – дейді тұрғын.

Алтынбек Ұлдана жарықтандырудың тек қауіпсіздік үшін емес, қаланың келбеті мен тұрғындардың көңіл күйі үшін де маңызды екенін жеткізді. "Қазір кешке көшеде жүргеннің өзі бір ғанибет. Шамдармен жарықтанған аула, көше – көңілді көтереді. Бұрын қаланың шетінде жүргендей сезінетінбіз, ал қазір орталықтағыдай көркейіп келеміз", – дейді ол.

Сондай-ақ, ол бұл бастаманың тұрақты түрде жалғасып келе жатқанын оң бағалады. "Жарықтандыру жұмыстары бір-екі көшемен шектеліп қалған жоқ. Әр апта сайын басқа көшеде жаңадан шамдар орнатылып жатқанын көріп жүрміз. Бұл – әкімдік тарапынан жүйелі жоспардың барын білдіреді. Әсіресе көпқабатты үйлер орналасқан аумақтарда, мектеп пен балабақша маңында, аялдамаларда жарық шамдарының болуы – үлкен көмек", – дейді Ұлдана.

Ол атқарылып жатқан жұмыстар үшін қала және аудан әкімдеріне ризашылығын білдірді. "Осындай ауқымды әрі маңызды жобаларды жүзеге асырып жатқан әкімдікке үлкен алғыс айтамыз. Әсіресе Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мырза мен Тұран ауданының әкімі Берік Айдарұлына шын жүректен рақмет. Халыққа қажет дүниелерді уақытылы іске асырып жатқаны қуантады", – деп бөлісті тұрғын.

Тұрғынның сөзінше, мұндай инфрақұрылымдық жұмыстар тек әкімдіктің емес, халықтың да қолдауымен жүзеге асады. "Әрқайсымыз өз аулаларымызды таза ұстап, жарық шамдарын сындырмай, бүлдірмей сақтасақ, бұл игіліктің пайдасын барлығымыз көреміз. Бұл – ортақ мүлік. Сондықтан тұрғындар да жауапкершілікпен қарауы тиіс", – деді Алтынбек Ұлдана.

Ол алдағы уақытта жарықтандыру жұмыстарының одан әрі жалғасып, ауданның барлық көшелерін қамтыса екен деген тілегін білдірді. "Бүгінгідей игі істер жалғасын таба берсін. Қаланың шет аймағында тұрамыз демей, барлық тұрғындар заманауи, қауіпсіз ортада өмір сүруге лайық. Соған біртіндеп қол жеткізіп келеміз. Бұл үшін әкімдікке шексіз алғыс білдіремін", – деді Ұлдана.

 

0 пікір