
Шымкентте «Халық заңгері» акциясы жалғасын тапты. Қала әкімінің тапсырмасымен ұйымдастырылған бұл шара Достық үйінде өтті. Акцияның мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, тұрғындарға тегін заң көмегін көрсету.
Шара барысында қала тұрғындары адвокат, нотариус, прокурор мамандармен қатар, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен, құқық қорғау саласының мамандарынан құқықтық кеңес алды. Заңгерлер халықты мазалаған өзекті мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тұрғын үй, жер даулары, әлеуметтік төлемдер, алимент өндіру, еңбек құқығы секілді түрлі сұрақтарға жауап берді.
«Халық заңгері» – елімізде бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан ауқымды құқықтық жоба. Бұл акцияның бірегейлігі – кез келген азамат еш кедергісіз, алдын ала жазылмай-ақ кәсіби мамандардан тегін кеңес ала алады.
Шымкенттіктер аталған шараның ұйымдастырылуын жоғары бағалап, мұндай акциялардың жиі өтуі керектігін жеткізді. Қала тұрғындарының айтуынша, мұндай бастамалар халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға оң ықпал етеді.