ТҮРКІ ӘЛЕМІ КӨЗ ТІККЕН КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ
ТҮРКІ  ӘЛЕМІ  КӨЗ  ТІККЕН  КӨШПЕНДІЛЕР  ОЙЫНЫ
04.09.2024 14:53
20
0

           2024 жылы 8-14 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оған жүзден астам мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Қазіргі таңда қызу дайындық жұмыстары жүргізіліп те жатыр. Осыған орай жылдың ең маңызды оқиғасы саналатын шараны қолдауға және оны халық арасында насихаттау мақсатында «Бірлік Керуені» жобасы басталған болатын. Жобаның идеясы – бүкіл қазақстандықтарды Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына тарту. Әр өңірде бірлік керуені өтіп, ол өңірдегі белгілі су көзінен басталып, киелі суды жинап, қаланың басты көшелерімен тасып, Астанаға жөнелтеді. Су құйылған торсықты Астанаға Ойындардың ашылу салтанатына қатысатын батыр жеткізеді. Осындай ауқымды шараға қатысуға әрі қолдауға Шымкент қаласынан да керуен Елордаға жолға шықты. Шымкенттіктердің керуен сапары қасиетті Қошқар ата бұлағынан бастау алды. Бұл жерден көшпенділер ойындарының басты нышаны және негізгі элементі – қасиетті су алынды. Әр өңірден жолға шыққан делегация торсыққа құйылған суды Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында тайқазанға құяды. Бұл елдің бірлігін, тұтастығын және өзара ынтымақтастығын көрсетеді. Сәні жарасқан салтанатты көшке қатысушылар «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніне жиналды. Ол жерде театрландырылған көрініс көрсетіліп, шығармашылық топ өнер көрсетті. «Бірлік керуені» алдында белгілі былғары қолғап шебері Мұхтархан Ділдәбеков сөз сөйлеп, сәттілік тіледі. Абыз ақсақал бұлақ суы құйылған құмыраны аманат етіп көш бастаушыға ұсынды. – Біздің өңірден спорттың 10 түрінен 18 спортшы Астана қаласына жетіп, соңғы дайындықтарын өткізіп жатыр. Өңірдің өз стилінде безендірілген «Керуен» құрамында су толтырылған ыдыспен бірге, Астанаға ойындардың мәдени бағдарламасына қатысатын шығармашылық топтар да кетті, – дейді Шымкент қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков. Сондай-ақ, Астанадағы «Көшпенділер ғаламы» этноауылына ұйымдастыруға қажеттінің барлығы жөнелтілді. Аталған ойынға 100-ден астам елден спорттың 21 түрінен 4 мыңға жуық қатысушы келеді деп жоспарланып отыр. Айтулы шарада спорт жарысынан бөлек мәдени әрі ғылыми бағдарламалар да қолға алынған. Нақтырақ айтсақ, үздік қолөнер шеберлерінің өнімдері көрмеге қойылып, ақындар айтысы, салт-дәстүрді насихаттайтын қойылымдар ұйымдастырылады. Оның ішінде Шымкент қаласының мәдениет саласынан 126 адам қатысып, өнер көрсетеді. «Көшпенділер әлемі» этноауылында Шымкент қаласынан 3 киіз үй тігіледі. Оның бірінде Шымкент қаласының тарихына байланысты «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінінің қорындағы жәдігерлерден жасалған көрме қойылады, екінші киіз үйде Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы қызметкерлері бұрым өру, беташар, бесікке салу, құрсақ шашу, қызды оң босағаға шығару дәстүрлерін көрсететін болады, үшінші киіз үйде қаланың туристтік әлеуеті таныстырылады деп күтілуде.

0 пікір