2026 жылғы маусымда 2022-2023 жылдары басталған реконструкциясы аяқталған үш су шаруашылығы нысаны пайдалануға берілді.
Түркістан облысының Ордабасы ауданында ұзындығы 26,15 шақырым болатын «Найман» каналы пайдалануға берілді. Нысанда каналды бетондау жұмыстары жүргізіліп, 75 гидротехникалық құрылыс салынды. Реконструкцияға дейін «Найман» каналы Ордабасы ауданындағы шамамен 2 мың гектар суармалы жерді, сондай-ақ аудан орталығы мен Қажымұқан ауылындағы үй іргесіндегі жер телімдерін сумен қамтамасыз етіп келген. Жобаның іске асырылуы суармалы алқаптардың көлемін ұлғайтуға және суды тасымалдау кезіндегі шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналындағы жалпы ұзындығы 1,53 шақырым болатын апатты учаскелерді реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Жоба аясында бүлінген учаскелер бөлшектеліп, арна монолитті темірбетонмен қапталды. Жобаны іске асыру арқылы каналдың техникалық жай-күйі жақсарып, су өткізу қуаты артты және су шығыны азайды. Бұл Алматы облысындағы 33,3 мың гектар суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуін жақсартуға мүмкіндік берді.
Батыс Қазақстан облысында Ақжайық ауданының Тоған ауылында орналасқан Киров су қоймасындағы гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау жұмыстары толық аяқталды. Бұл жұмыстар су қоймасының сенімділігін арттыруға және көктемгі су тасқыны кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
«Бұл жобалар еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су ресурстарын тиімді пайдалану тұрғысынан аса маңызды. Каналдарды реконструкциялау су шығынын азайтып, суармалы егіншілік пен жалпы ауыл шаруашылығының дамуына серпін береді. Ал су қоймаларындағы жұмыстар нысандардың беріктігін күшейтіп, тасқын және еріген қар суын қауіпсіз өткізу мен жинақтауды қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатыр», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru