ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ТАҒЫ БІР МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ТАҒЫ БІР МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
04.11.2025 20:23
20
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің білім саласын жаңа деңгейге көтеру үшін «Келешек мектептері» жобасына бастамашы болды. Осы бағытта Түркістан облысында білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын дамытуда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгін Келес ауданы, Абай ауылында «Келешек мектептері» жобасы аясында 600 орындық  мектеп ел игілігіне пайдалануға берілді. №65 жалпы білім беретін мектебінің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ұстаздар мен оқушыларды құттықтады. 

– Бүгін Келес ауданындағы тағы бір қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз.  Баршаңызды заман талабына сай жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мектеп» ұлттық жобасы – ел болашағына жасалған маңызды инвестиция. Республика көлемінде «Келешек мектептері» жобасы аясында салынатын 217 мектептің 29-ы немесе 13 пайызы біздің өңірде бой көтерді.  Өткен оқу жылында 13 мектеп пайдалануға берілсе, биыл 16 мектепті тапсыру жұмысы аяқталып келеді. Осы жоба арқылы Келес ауданында осымен үшінші мектеп іске қосылуда. Бұл аудан өзіндік тарихымен, еңбекқор халқымен ерекшеленеді. Сондықтан да мұндағы әрбір игі бастама ел рухын көтеріп, жас ұрпаққа тағылым берері анық. Жаңа мектепте білім алған оқушылар еліміздің сенімін ақтай берсін! – деді Нұралхан Көшеров. 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан білім ордасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мектепте спорт залы, мәдениет залы, асхана, коворкинг алаңдары, кітапхана, мәжіліс залы, арнайы пән кабинеттері мен шеберханалар бар. Сондай-ақ оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына арналған ашық футбол алаңы да қарастырылған.

Жаңа мектепті аралап көрген ата-аналар мен оқушылар ғимараттың кеңдігі мен сәніне ерекше ризашылықтарын білдірді. Нұралхан Көшеров оқушылармен кездесіп,«сабақты жақсы оқып, мықты азамат болыңдар»  деген тілегін жеткізді.  

Айта кетейік, Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 29 «Келешек мектебі» салынып жатыр. Оның ішінде өткен жылы – 13, биыл 10-нан аса  мектеп ашылды. Жыл соңына дейін тағы 5 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, жоспар толық орындалмақ. 

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

 

 

0 пікір