Түркістан қаласы әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте бірнеше маңызды мәселелер қаралды. Мәжілістің негізгі тақырыптары ретінде әскерге шақыру, пробация қызметінің атқарып жатқан жұмыстары және есепте тұрған тұлғалар арасындағы қылмыстың алдын алу шаралары талқыланды.
Қорғаныс істері және қоғамдық қауіпсіздік саласына қатысты мәліметтерді Түркістан қаласы мен Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының бастығы Нұржанов Дилмұрат Абдурашитұлы баяндады. Оның айтуынша, 2024 жылы Түркістан қаласынан 546 шақырылушы Қарулы күштер қатарына әскери қызметке шақырылып, жоспарланған көлем 115%-ға артығымен орындалған. Әскери қызметке шақыру жұмыстарын одан әрі жетілдіру, жасөспірімдер мен олардың ата-аналарымен алдын ала түсіндіру жұмыстарын күшейту жоспарлануда.
Сондай-ақ, қалалық пробация бөлімінің басшысы Торланова Ақмарал Сейітжанқызы өткен жылы атқарылған жұмыстар мен статистикалық мәліметтерді ұсынды. Статистикаға сәйкес, 2023 жылы пробация қызметінің есебінен өткен сотталғандардың саны 389-дан 455-ке дейін, ал есепте тұрған тұлғалар саны 205-тен 248-ге дейін артқан. Бұл мәселеге қатысты қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы былай деп атап өтті: «Пробациялық есепте тұрған азаматтардың жастарды теріс әрекеттерге үгіттеп, жасөспірімдерді қылмысқа тартып, олардың топ болып жасалуына ықпалын тигізетін жағдайлар бар. Осы жағдайға байланысты қалалық полиция басқармасы мен білім бөлімі заңға сәйкес, тиісті жұмыстарды атқаруы керек. Сонымен қатар, есепте тұрған азаматтар жұмыспен қамтылуы тиіс.»
Әкім сала басшыларына осы мәселелерді жедел түрде шешіп, бақылауға алуды тапсырды.