ТҮРКІСТАН: ҚХА-НЫҢ «САЛАУАТТЫ САНА» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА «БЕС НӘРСЕДЕН ҚАШЫҚ БОЛ» ТАҚЫРЫБЫНДА ІС-ШАРА ӨТТІ
ТҮРКІСТАН: ҚХА-НЫҢ «САЛАУАТТЫ САНА» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА «БЕС НӘРСЕДЕН ҚАШЫҚ БОЛ» ТАҚЫРЫБЫНДА ІС-ШАРА ӨТТІ
15.08.2025 10:51
13
0

Бүгін Түркістандағы «Достық үйі» ғимаратында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің жоспарына сәйкес, "Салауатты сана" жобасы аясында ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай "Бес нәрседен қашық бол" тақырыбында іс-шара өтті.

Жиынға Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің  төрайымы Гүлсара Тоққұлова модераторлық етті. 

Іс-шараға облыстық ҚХА жанындағы құрылымдардың төрағалары мен мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенді мүшелері, Аналар кеңестерінің төрайымдары мен мүшелері, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-нің  қызметкерлері қатысты.

Салауатты сана – ҚР Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясының 33 сессиясында сөйлеген сөзі негізіндегі қауіпсіз өмір сүру  үшін арылу керек әлеуметтік  кеселдермен күресу туралы  берген тапсырмасы негізіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының  Аналар кеңесі мен ҚХА  Хатшылығы жасақтаған жобасы. Яғни, нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуге бағытталған жоба.

Іс-шарада сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов қатерлі кеселдермен күресте Қазақстан халқы Ассамблеясына айрықша міндет жүктеліп отырғанын атап өтті. 

«Жастар – ел болашағы. Нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін жастар тәрбиелі, сауатты болуы керек. Білім-ғылыммен айналысқан жастың жоғарыда атап өткен зиянды әрекеттермен ісі болмайды. Көп болып, қоғамның ауыр дерттерімен күресу арқылы ғана оң нәтижеге қол жеткіземіз», - деді «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары.

Тағылымы мол жиында Түркістан қаласы, Ататүрік атындағы №17 Жалпы орта мектебінің директоры Рахила Үрімова, облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының екінші дәрежелі кітапханашысы Мейрамкүл Байтұрсынова сынды өзге де тұлғалар тақырыпқа байланысты пікірлерімен бөлісті.

Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды. 

Іс-шара барысында «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері мен шаһардағы белсенді оқушылар Абайдың қара сөздерін жатқа айтып, әндерін бірге шырқады.

Жиын соңында іс-шараға белсене қатысқан бірқатар азаматтар "Қоғамдық келісім" КММ-нің басшысы атынан Алғыс хаттармен марапатталды.

0 пікір