Түркістан – шамшырағы қайта жанған көне шаһар
Түркістан – шамшырағы қайта жанған көне шаһар
23.10.2023 15:54
37
0

Облыс орталығында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатындағы жұмыстар бір сәтке де толастап жатқан жоқ. Соның ішінде шаһардағы инфрақұрылым жүйелерінің кем-кетігін заман талабына сәйкестендіру ісі қарқынды жүргізілуде десек артық айтқандық болмас.

Сөзіміздің дәлелі ретінде апта сайын өңір басшысы Дархан Сатыбалды аталған сала бойынша тиісті нысандарды аралап, ондағы жұмыс барысымен танысуды әдетке айналдырған. Осындай кезекті сапар осы аптада тағы да жалғасын тапты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Түркістан өңіріне жасаған жұмыс сапарында Түркістан қаласына ерекше мәртебе беруді тапсырған еді. Қазіргі таңда бұл бағытта тиісті жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлім етті.

– Мемлекет басшысы былтыр Түркістан облысы тұрғындарымен кездесуінде Түркістан қаласына рухани және тарихи елорда мәртебесін беру мәселесін көтерген болатын. Президент өз сөзінде: «Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек», деген еді. Осыған орай, Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заңның жобасы әзірленді», – деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.

Аталған заң қабылданған соң, қала әкімдігі мен мәслихатына қосымша құзыреттер берілетін болады. Бұл тұрғындардың күрделі мәселелерін тез арада шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы, сауда және қызмет көрсету сұрақтары қала деңгейінде дербес шешілетін болады. Айта кетерлігі, таяуда Президент бастамасына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланған болатын. Бұл орайда, Түркістан облысы әкімі аппараты Түркістанға ерекше мәртебе беру жөніндегі заң жобасына бірқатар ұсыныс енгізген. Заң жобасына қатысты ұсыныстарға Түркістанның тарихи келбетін, ескерткіштерін сақтау, халықаралық туризм орталығы ретінде дамыту тармақтары енгізілген. Қазақ халқы мен Түркі елдерінің мәдени-тарихи құндылықтарына басымдық беру, мәдени-туристік жобаларды жүзеге асыру да көзделген. Сондай-ақ сәулет және қала құрылысы, транспорт және жолдар, туризмді дамыту, абаттандыру мәселелері де қаралған. Бұл бағыттағы талқылаулар мен жұмыстар жалғасады.

– Биыл киелі шаһарымызға облыс орталығы мәртебесі берілгеніне 5 жыл толып отыр. Бұл уақыт аралығында Түркістан құрылыс алаңына айналып, көз алдымызда түрленгеніне осындағы баршаңыз куәсіздер. Рухани астанамызда туризм әлеуетін арттыру бағытында тиянақты тірліктер атқарылды. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде жұмыстар әлі де жалғасып келеді. Осы өзгерістердің бел ортасында жүрген түркістандықтар үшін де мол мүмкіндіктер ашылды. Қала дамуы жаңа екпін алды. Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістан ендігі кезекте рухани астана мәртебесінде өз дамуын жалғастырады. Біз сіздермен бірге осы жарқын күндердің куәсі боламыз деп сенемін, – деді брифингте шаһар басшысы.

Түркістан қаласын Түркі әлемінің орталығына айналдыру бағытындағы жүйелі жұмыстар нәтижесінде шаһардың инвестициялық климаты жақсарып келеді. Соңғы 5 жылда қалаға тартылған инвестицияның көлемі 8,5 есеге өсіп, былтыр 304 млрд. теңгені құрады. Биыл қала экономикасына 350 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Еске сала кетсек, Түркістанның жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 165,4 мың адамнан 220 мыңнан аса жуық адамға жетті.

Сонымен қатар, бүгінде Түркістан қаласында газ тұтынушылар 98 пайыздан асты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлім етті. Әкімнің мәлімдеуінше, Түркістанның жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 165,4 мың адамнан 220 мыңнан аса жуық адамға жетті.

– Қаладағы кешенді жоспарлар Мемлекет басшысының «Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау туралы» Жарлығына сәйкес жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі жоспарлы жүзеге асырылуда. Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаланы сипаттайтын басты көрсеткіш жалпы өңірлік өнім көлемі 2023 жылдың қаңтар-наурыз айына 47,5 млрд.теңгеге жетіп, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 5,6% артты. Оның ішінде өнеркәсіп саласына 13,1 пайыз (6,2 млрд.теңге), ауылшаруашылық саласына 2,2 пайыз (1 млрд.теңге), орындалған құрылыс жұмыстары 35,1 пайыз (15,6 млрд. теңге), тауар айналымы және қызметтерді өткізу көлеміне 49,6 пайызы (17,8 млрд.теңге) тиесілі, – деді шаһар басшысы.

Сондай-ақ Түркістан қаласында 2022 жылы ірі жобалар іске қосылып, туризм саласы жаңа қарқын алған. Оның ішінде «Шаға» жағажайы, Тұңғыш Президент Саябағы, «Ramada by Wyndham Turkistan» қонақ үйі, «Turan Mall», «Turkistan Plaza» ойын-сауық орталықтары ашылды. 2023 жылы қаңтар-наурыз айларында Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 130,5 мың адамға жетті, яғни былтыр осы кезеңімен салыстырғанда 7,4% өсті.

Шаһар басшысының айтуынша, қала аумағында 61 мектеп (50 716 оқушы) бар болса, оның 34 мемлекеттік (43 290 оқушы), 27 жекеменшік (7 426 оқушы). Бүгінгі таңда 29 мектеп 2 ауысымды болса (оның ішінде, 3 мектеп 3 ауысымға қаупі бар), 4 мектеп 3 ауысымды. Қала аумағында мектептердің мәселесін шешу мақсатында 8 мектептің құрылысы 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» жобасы арқылы жүзеге аспақ. Оның 3-уі (ӘІО – 2, әрқайсысы – 2 000 орындықтан), Яссы тұрғын алабы – 1 (1 200 орындық)) биыл басталады.

Брифингте белгілі болғандай, Түркістанда 42 014 электр абонентінің 35 679-ы сапалы электр қуатымен қамтылған. Өтпелі 7 нысанның құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жалпы 2022 жылы 3 нысанның құрылысы жүргізіліп, 90% жұмысы орындалды. Нәтижесінде 3897 абонент сапалы электр қуатына қол жеткізді. Биыл қала тұрғындарын электрмен қамтуды 98,5%-дан 99% жеткізу жоспарланған.

Бұдан бөлек брифингте Түркістан қаласында 42 014 абоненттің ауызсумен 41 552 абоненті, яғни 98,9 пайызы қамтамасыз етілгені айтылды. 2023 жылы 4 нысанның құрылысын аяқтау көзделіп отыр (Мақтазауыт, 1-2 м/а, Яссы ж/е Шауғар, Жаңадан қоныстанған аумақтар, Яссы Шауғар – 10 178 абонент). Биыл жаңадан қоныстанған аумақтарды ауызсу жүйесімен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек.

Түркістан қаласында газбен қамту жұмыстары да қарқын алған. Бұл ретте, 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін 52 052 абонентке табиғи газ желісі қолжетімді болған. 6 секторда 42 014 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылды. Бүгінде көгілдір отынды 41 217 абонент немесе қала тұрғындардың 98,1 пайызы дербес шот ашып, пайдаланып отыр. Газ құбырына қосылмаған 797 абонент (1,9 %) бойынша ішкі монтаж жұмыстарын атқаратын мердігер мекемелермен бөліп төлеу бойынша ұсыныстар жолданды. Ал, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға табиғи газ желісіне қосылуға демеушілер ұйымдастыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

Биыл түркістанда 50-ге жуық жаңа автобус алу жоспарланып отыр. Әкімнің мәлімдеуінше, 2022 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесімен, қала аумағындағы 123,1 шақырым құрайтын 93 көшеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жарықтандырылған көшелер үлесі 57,4 пайызға жетті.

– 2023 жылы Түркістанның жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелер үлесін 86,5 пайызға (895,8 шқ құрайтын 757 көшені) жеткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта нысан бойынша құрылыс жұмыстары 132,8 шқ құрайтын 134 көшеде аяқталды. Оның ішінде қосылғаны – 113 көше. Қалған 144,4 шақырымды құрайтын 138 көшеде құрылыс жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады, – деді шаһар басшысы.

Сондай-ақ Түркістан қаласында қазіргі уақытта 21 қоғамдық көлік бағыты бар. Оларға 2 тасымалдаушы мекеме 210 автобус, шағын автобустармен қызмет көрсетеді. Түркістан қаласы облыс орталығы статусын алғалы қалаға жаңа 86 автобус (оның ішінде, 2022 жылы – 28) алынған. Биылғы меже бойынша қалаға тасымалдаушы мекемелер есебінен 46 жаңа автобус алу жоспарланып отыр. Жаңа автобустар алынған жағдайда №16 бағытын ашу, сондай-ақ №4, 4а, 2а, 9, 9а бағыттарындағы шағын автобустарды сыйымдылығы жоғары 46 автобусқа ауыстыру көзделген.

Сонымен қатар, қала аумағында жалпы 456 аялдама қажеттілігі анықталып, 2022 жылы қалаішілік орталық көшелерге 150 дана аялдама орнатылған. Биыл қосымша 100 аялдама орнату қолға алынды. Қалған 206 аялдаманы кезең-кезеңімен шешу жоспарланған. Брифингте атап өтілгендей, Әкімшілік-іскерлік орталықта 2021 жылы құрылыс басқармасының тапсырысымен «Мұз сарайының» құрылысы басталды. Қазіргі таңда құрылыстың 80 пайызы аяқталған. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сондай-ақ жаңадан салынып жатқан 700 оқушыға арналған «Дарын» мектебінің құрылысы аяқталуға жақын. Ал «Жасанды көл» нысанының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, 50 пайызы аяқталған.

Сонымен қатар, туристік-рекреациялық орталығында жасанды көлдің 50 пайызы, сыйымдылығы 2 млн.м3 су көлемін құрайтын спорт кешендері бар есу каналының 80 пайыз құрылысы аяқталып, биыл ел игілігіне беру жоспарланып отыр.

Түркістанның шағынаудандарында 50-ге жуық көше жөндеуден өтеді. Түркістан қаласында былтыр 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл орташа жөндеу жұмыстары 65,7 шақырымды құрайтын 48 көшеде атқарылады. Бұл туралы бүгін өткен брифингте қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлім етті. Оның айтуынша, 2022 жылы Түркістан қаласында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 39,5%-ды (333,6 шқ.) құраса, биыл жыл қорытындысымен 47,2%-ға (399,34 шқ) жетпек.

«2022 жылы 4 нысанның құрылысы бастау алған. Олар: Ә.Жангелдин, І.Қожабаев, Қазыбек би – О.Жарылқапов көшелерінің аралығы және Қалаби көшесі. Құрылыс жұмыстары барысында жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол, веложол, суағар науа, көпір құрылысын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала аумағындағы топырақ жолдардың санын азайта отырып, тас төселген көшелердің саны мен сапасын арттыру мақсатында қала аумағындағы 6 секторда ақпан айынан бастап тас төсеу жұмыстары басталған болатын. Қазіргі таңда 56 шақырымды құрайтын 65 көшеде тас төсеу жұмыстары жүргізілді», – деді Нұрбол Әбдісаттарұлы. Ұзындығы 7,4 шақырымды құрайтын жол қала тұрғындарының бірнеше бағытта жүруіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін, қаланың орталық көшелеріндегі көлік кептелістері азайып, қала тұрғындары үшін жаңа қоғамдық көлік бағыттары ашылады.Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған құрылыс алаңдарын аралап, қаланың маңызды әлеуметтік нысандары мен инфрақұрылымы-ның дайындығына баға берді. Құрылыс алаңында болып, мердігерлермен кездесті. Жұмыс сапасына басты назар аударуды тапсырды. Сонымен бірге, облыс әкімі шаһардағы бірнеше жолдардың құрылысын пысықтады.

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақша және т.б.) баратын және соларға қосалқы жатқан 43 көшеге аяқжол салынып жатыр.

Түркістандағы құрылыс нысандарын аралаған облыс әкімі шаһарды сумен қамтитын «Түркістан-Су» мекемесінің жай-күйімен танысты. Мамандардың айтуынша, 27 КНС және сарқынды су тазалау ғимаратының сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жөндеуді қажет етеді.

Бұл Түркістан қаласының 40 мыңға жуық тұрғыны мен 629 әлеуметтік нысандарға 24 сағат тоқтаусыз таза сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын. Қазіргі уақытта 1965-1982 жылдардан бері салынған су құбырлары бюджет есебінен алмастырылып жатыр. 10 сарқынды су насос станциялары ағымдағы жөндеуден өткізіліп, жаңа насос және желдеткіш қондырғыларымен қамтамасыз етілуі қажет.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласы ауыз сумен толық Кентау-Түркістан су топтамалары арқылы «Ащысай-су» МКК-нан қамтамасыз етіліп отыр.

Бұдан бөлек, қаладағы тағы бір мәселеге тоқсалсақ па дейміз. Бұл да облыс әкімінің назарындағы жағдай дегіміз келгені ғой. Қазіргі таңда, қаламыздағы білім нысандарының бірқатары қайта жаңғыртуды қажет етеді. Рас, Түркістан қаласында жыл өткен сайын білім нысандарының саны арта түсуде. Әсіресе жеке кәсіпкерлер есебінен бой көтерген мектептер шаһардағы мектеп сыйымдылығы тұрғысында туындаған мәселелерді шешуге сеп болуда. Десе де қаланың кей аймақтарында жеке мектеп-балабақшаларға сұраныс аз болғандықтан ба, мемлекеттік білім мекемелері тұрғындардың қажеттілігін өтеп отыр. Бірақ, бұл бағытта сапалы білім беруде көнерген мектептердің әлеуеті төмен болып тұр. Түркістан облысы демографиялық өсімі жоғары өңір екені анық. Өңірде мың мектепте 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Сол білім ұяларының 121-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Түркістан қаласының аумағында 42 мың оқушыны қамтитын 34 мектеп бар. 7 мектеп ескірген.

Осы мәселелерді басшылыққа алған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды №7 С.Ерубаев мектеп-интернатының жай-күйімен танысты. Күрделі жөндеуді қажет ететін 500 орындық мектеп 1976 жылы салынған. Білім ұясының 420 орындық жатақханасы бар. 2000 жылы ағымдағы жөндеу жүргізілген. Мектептің ішкі сылағы түсіп, инженерлік жүйелері тозған.

Өңірдегі білім ордаларын күрделі жөндеуден өткізу уақыт күттірмейтін іс. Ол үшін қомақты қаражат керек. Облыс басшысы сала мамандарының жауаптарын тыңдап, оларға проблемалық мектептер туралы барлық ақпаратты ұсынуды тапсырды.

— Балаларымызға қолайлы жағдай жасау үшін бар күшімізді салуымыз керек. Өңірдегі тозығы жеткен білім ошақтарын толық тексеріп, қысқа мерзімде ұсыныс беруді тапсырамын, — деді Дархан Сатыбалды.

Күрделі жөндеуді қажет ететін әлеу-меттік нысандар арасында балабақшалар да бар. Солардың қатарында облыс әкімі «Айгөлек» балабақшасының жай-күйімен танысты. Ескі ғимарат соңғы 15 жылдан бері жөндеу көрмеген. Бақша ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл жөнінде да тиісті тапсырмалар беріліп, балабақша-ның жөндеуден өтуі тиіс екендігі айтылды.

0 пікір