Түркістан облысында білім саласын дамыту және Түркістан қаласын түркі әлемінің орталығына айналдыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыру үшін облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Үкіметаралық Өкілетті Кеңес төрағасы Мухитдин Шимшек пен университет ректоры Жанар Темірбекованы қабылдады.
Кездесуде университет пен Түркістан облысы әкімдігі арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ жаңа жобаларды іске асыру жолдары талқыланды.
Мухитдин Шимшек Түркістанды туризм орталығына айналдыру, Түркология саласында ғылыми-зерттеу орталығын салу, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инклюзивті білім беру орталығын ашу туралы ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар, жылына 8 миллион турист пен зияратшы келетін Конья қаласының тәжірибесін Түркістанда іске асыру мәселесі қозғалды.
Нұралхан Көшеров «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жаңа жобаларды жүзеге асыру және техникалық мамандықтар бойынша кадрлар даярлауға бірлесе жұмыс істеуді ұсынды.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік универстеті Түркістанды дамытуға оң серпін бергенін білеміз. Осы оқу ордасынан түлеп ұшқан түлектер елімізді, өңірімізді дамытуға үлес қосып келеді. Аймақты дамытудағы серіктесіміз десек, қателеспейміз. Бүгінде өңірде «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы арқылы өндіріс орындары ашылып жатыр. Соларға лайықты мамандар қажет. Университетте аймақтағы өндіріс орындарына қажетті жұмысшылар мен мамандарды даярлайтын бөлімдер ашып, гранттарды бағыттау маңызды. Білім, туризм және өзге де бағыттар бойынша айтылған ұсыныстарды назарға аламыз, әріптестікті нығайта береміз, – деді Нұралхан Көшеров.