ТҮРКІСТАНДА «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ» АЯСЫНДА КОЛЛЕДЖ ТҮЛЕКТЕРІ ҮШІН БОС ОРЫНДАР ЖӘРМЕҢКЕСІ МЕН ФОРУМ ӨТТІ
ТҮРКІСТАНДА «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ» АЯСЫНДА КОЛЛЕДЖ ТҮЛЕКТЕРІ ҮШІН БОС ОРЫНДАР ЖӘРМЕҢКЕСІ МЕН ФОРУМ ӨТТІ
20.06.2025 16:36
14
0

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Түркістан облысында колледж түлектеріне арналған «Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» атты форум өтті. Іс-шара барысында кәсіпорындардың өндірістік әлеуеті таныстырылып, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының түлектеріне арналған кәсіптік бағдар беру кездесулері өткізілді. Сонымен бірге бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өңірдегі және республикалық деңгейдегі ірі кәсіпорындар жастар мен жұмыс іздеушілерді жұмысқа қабылдады. 

Маңызды іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жастарды жұмыспен қамту – басым бағыттардың бірі екенін айтты.
– Бұл – жай жиын емес, еңбекке адамына деген құрмет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бүгінгі форумның басты идеясы – жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру. Бұл – жастар мен жұмыс берушілер арасындағы маңызды алаң. Осы ретте жас мамандарды жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлерге ерекше алғысымды білдіремін. Түркістан облысы – еңбекқор жандар мекені. Халқымыздың саны 2 миллионнан асты, соның 660 мыңға жуығы – жастар. Жастардың болашағы – сапалы білім мен кәсіби дайындыққа тікелей байланысты. Биыл 12 мыңдай колледж түлегі маман атанып, еңбек жолына қадам басты. Олар 50 колледжде 75 түрлі мамандық бойынша білім алды. Бүгінде колледждер 700-ге жуық кәсіпорынмен тікелей әріптестік орнатып отыр. Бұл – бизнес пен білімнің бірлескен жетістігі. Биылғы оқу жылына колледждерге 15500 орынға мемлекеттік тапсырыс берілді. Жаңадан 6 жұмысшы мамандығына лицензия алынды. Колледж түлектерін жұмыспен қамту басты назарда болады, – деді Нұралхан Көшеров.
Ауқымды іс-шараны Облыстық білім басқармасы мен Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шарада жастарды жұмыспен қамту мақсатында облыстағы ірі кәсіпорындар мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары және «Еңбек мобильділігі орталығы» арасында 3 жақты өзара ынтымақтастық Меморандумдары түзілді.
Жәрмеңкеге Түркістан облысы бойынша 40-тан аса жұмыс беруші қатысып, 1 500-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Түлектерге әлеуметтік әріптестер тарапынан жұмысқа орналастыру сертификаттары табысталды.
Кәсіпорындар өз жұмыстарын насихаттап, талапқа сай мамандығы, білімі, тіпті жұмыс тәжірибесі жоқ азаматтар да өзіне лайықты қызмет түрін табуға мүмкіндік алды. Олардың қатарында «Kazakhstan Lihua» ЖШС – 300, «Идеал Туркестан» ЖШС – 55, «PSI Mineral Technologies» ЖШС – 150, «Altyn Land» ЖШС – 85, «Kaz Eco Meat» ЖШС – 90, «Kuzov Karabulak» ЖШС – 440 жұмыс орнын ұсынды. Сондай-ақ, «Silk Way International», «QazEcoPack», «A.B.L Fitness and Spa», «Baspolymer», «Er-Qan Group», «High School Zhetisay», «KazatomProm-SaUran», «УРАНҚУАТ» және басқа да кәсіпорындар белсенділік танытып, жастарға қолдау білдірді.
Ұсынылған бос жұмыс орындарының 75% немесе 1 163-і – өнеркәсіп саласындағы іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың үлесінде, 162-сі ауыл шарушылғы саласына тиесілі. 2 мыңнан астам жұмыс іздеушіге инженер, аудармашы, есепші, заңгер, механик, электрик, дәнекерлеуші, жұмысшы, оператор, технолог, жүргізуші, педагог, тәрбиеші, тігінші, аспаз, лаборант, күзетші, қасапшы, IT-маман, программист және өзге де 100-ден астам мамандықтар ұсынылды.
Сонымен қатар бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде Солтүстік өңірлерге қоныс аударумен айналысатын «Тәуекел» қоғамдық ұйымының төрағасы Бурахан Даханов бастаған Солтүстік Қазақстан облысының бір топ жұмыс берушілері қоныс аударуға ниет білдіргендер арасында мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды түсіндірді.
Айта кетейік, Түркістан облысында колледж студенттерінің, жалпы тұрғындардың жұмыспен қамтылуына қолайлы жағдай жасалып келеді. 10 мыңнан астам студент нақты өндіріс орындарында, кәсіпорындарда тәжірибе жинақтады. 2024 жылғы түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші 75%-ға жетті. 700-дей кәсіпорынмен колледждер нақты әріптестік орнатып отыр.
Биылғы алғашқы бес айда облыста 43 378 адам жұмыспен қамтылды. Оның 20 мыңнан астамы – жұмысшы мамандық иелері. Ұлттық жобалар аясында 1653 азамат жұмысқа орналасты. Жеке инвестиция арқылы 621 жаңа жұмыс орны құрылды. «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» жобасы бойынша 5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

0 пікір