ҮЛКЕН ҮМІТПЕН, ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА
ҮЛКЕН ҮМІТПЕН, ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА
04.07.2024 00:23
57
0

Жаңа белеске бағыт алған жас маманда арманға толы тілек пен толқы­ныстың қатар жүретіні рас. Әсіресе жоғарғы оқу орнын тәмамдап, белгілі бір салада жауапке­ршілік алғалы тұрған түлектерден болашаққа деген үлкен сенім ұшқынын байқауға болады. Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратына жиналған көпшілік Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университеті жастарының жарқын сәттеріне куә болды. Шымкент қаласындағы іргелі оқу орнын 2024 жылы 4268 жас бітірді. Олардың 811-і магистр атанса, 3457-сі бакалавр дәрежесіне ие болған.

Диплом табыстау салтанаттында өнер, білім-ғылымда, спортта жетістікке жеткен студенттердің «Біз бағындырған белестер» атты арнайы фильмі көрсетілді. Аз ғана уақытта еліміздегі үздік жоғары оқу орындарымен тең нәтиже көрсетіп жүрген университет алғаш рет Өзбекстан азаматтары үшін «Өзбек тілі және өзбек әдебиеті» бағдарламасын енгізбек. Бұл туралы университет ректоры Қанат Сейтжанұлы айтты.

– Ж.Тәшенев университеті – техникалық мамандықтарға ғана емес, гуманитарлық мамандықтарға да басымдық беріп, заман талабы инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын қалыптастыруды қолға алып, жұмыс берушілердің талаптарын ескере отырып, техникалық ауыл шаруашылығы, сервистік және ветеринария салаларында білім береді. Университетте 35 бакалавр, 10 магистратура мамандықтарынан бөлек, толық ағылшын тілінде өтілетін «Бизнес әкімшілігі» мен «Басқарудың ақпараттық жүйелері» мамандықтары ашылып жатыр. Алдағы уақытта шетелдік профессор-оқытушылар сабақ беріп, академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша шет мемлекеттерге жіберу мүмкіндігі қарастырылған. Университетте білім алушылардың қатары жыл санап өсе түсуде. Бұл қадамды маңызды санайтын әрбір жас Тәшенев университетімен бірге белестерді бағындырды. Осы жылы бітірушілердің 80%-ы толықтай жұмыспен қамтылады деген жоспарда бар,–дейді университет ректоры Қанат Сейтжанұлы.

Салтанатты шараға университет басшылығы, ардагер ұстаздар, әлеуметтік серіктестер, профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар мен бітіруші түлектер қатысты. Алғы сөз сөйлеген университет құрылтайшысы Оңалбай Аяшұлы түлектерге сәттілік тілеп, тек биік белестерден көріне берулеріне тілектестігін білдірді.

0 пікір