ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰЛЫҚТАЙТЫН БІЛІМ ОШАҒЫ
ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰЛЫҚТАЙТЫН БІЛІМ ОШАҒЫ
17.10.2024 01:26
50
0

Шымкент қаласындағы №135 жалпы орта білім беретін мектебі, 2020 жылы ашылғаннан бері, ұлттық құндылықтарға айрықша назар аударып келеді. Мектепте бастапқыда 500 оқушы білім алса, бүгінгі таңда шәкірттер саны 2600-ден асып, оқу үдерісі қарқынды дамуда. Бұл мектептің басты мақсаты – жастарға ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді таныстыру, оларға рухани тәрбиемен қатар, шығармашылық қабілеттерін дамыту.

№135 мектепте оқушылар үшін әр түрлі үйірмелер ұйымдастырылған. Мұнда киіз үй құрастыру, жүн түту, жіп иіру, қамшы тоқу, домбыра үйрену, би билеу, және спорттың бірнеше түрімен шұғылдану мүмкіндіктері бар. Бұл шаралар балалардың бос уақытын тиімді өткізумен қатар, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған. Ұстаздар оқушылардың рухани дамуына, қабілеттерін ашуға және ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға баса назар аударады.

Мектепте жыл сайын дәстүрлі түрде ұстаздар қауымына арналған семинарлар өткізіледі. Олардың басты мақсаты – ұлттық болмысты дәріптеу, ұлттық кодты сақтау және бұл құндылықтарды шәкірттерге үлгі ету. Ата-аналар да осы шараларға белсенді қатысып, өз өнерлерімен бөліседі. Бұл жыл сайынғы іс-шаралар мектептің мәдени ортасын қалыптастыруға, ұстаздар мен ата-аналар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Биылғы «Ұлттық құндылықтарға негізделген мектептің мәдени ортасын құру: ізденіс және тәжірибе» атты семинар ерекше өтті. Шымкент қаласындағы мемлекеттік және жекеменшік мектептердің 200-ден астам директоры мен мұғалімдері қатысты. Олар әр түрлі кабинеттерде ұйымдастырылған ұлттық салт-дәстүрлер көрінісіне және заманауи методикалармен дайындалған сынып сағаттарына қатысты. Бұл тәжірибе алмасу оқушылардың тәртібі, сабақ үлгерімі, және ашық сабақтарға белсенді қатысуын арттыруға септігін тигізді. №106 жалпы білім беретін мектептің тәрбие орынбасары Айгүл Мәуленова:

 – Ұстаздан шәкірт озар деген сөз бекер айтылмаса керек. Оқушылардың әдебі, сабақ үлгерімі, ашық сабақтарға белсене қатысуы өте керемет. Ал, мектептің дәл алдына «Қолөнер шебері» үйірмесінің жетекшілері киіз үйді өз қолымен айнытпай жасаған. Алты қанат ақорданың білім ұясының алдында тұруы, қолөнер көрмесі көздің жауын алады. Оқушылар аптасына бір рет мектепке келіп, ер балаларға шаңырақты қалай көтеріп, керегелерін қалай тұрғызып, уықтарын қадап, арқан бауларды қалай байлайтынын үйретіледі екен. Мектеп бағдарламасынан тың дүниеге оқушылар да ерекше ынтамен, қызығушылықпен қарайтыны бізге тәжірбие болды,-дейді №106 ЖББМ -нің тәрбие орынбасары Айгүл Мәуленова.

Осылайша, №135 мектеп оқушылардың білім алуымен қатар, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді терең түсінуге мүмкіндік береді. Мұндай шаралар жастардың рухани дамуына, қоғамның мәдениетінің өсуіне және болашақта ұлттық құндылықтарды сақтауға ықпал етеді. Мектеп ұжымы мен оқушылардың ынтымақтастығы, ұлттық құндылықтарды ұлықтауы – бұл елдің болашағы үшін аса маңызды.

0 пікір