ҰРЛЫҚ ЖАСАҒАН ЖАЗАДАН ҚҰТЫЛМАЙДЫ
ҰРЛЫҚ ЖАСАҒАН ЖАЗАДАН ҚҰТЫЛМАЙДЫ
24.05.2024 01:45
43
0

Қылмыстың үлкен-кішісі болмайды. Кейде сол ұсақ-түйектен басталған құқықбұзушылық уақыт өте асқынып, арты ауыр қылмысқа апарып соғатыны да жасырын емес. Сол себепті, кез келген құқықбұзушылықтың алдын алып, жолын кесу – қоғамда тыныштықты сақтаудың тиімді тәсілі. 

Қоғам – әрқашан тәртіпке негізделіп, арқа сүйеп қалыптасып, тіршілік етеді. Қоғамда тәртіп болмаса, ол құлдырайды, яғни келешегі болмайды.  Адам бойында жаман да, жақсы да қасиеттер болады. Ата-анасы баласын өмірге әкелгенде жаман бала болсын деп тәрбиелемейді, баланың қандай болуы отбасына да, жүрген ортасына да байланысты. Алайда, кейбір бала өскенде отбасынан алған тәрбиесін басқаға айырбастап, жаман жолға түсуі мүмкін. Соның бірі – ұрлық. Ұрлықтың қай заманда болсын қоғамға әлеуметтік әсерінен бөлек, саяси салқыны, мәдени зардабы да орасан. Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі – меншікке қарсы қылмыс, ол тек қоғамда емес, мемлекетке де материалдық зиян келтіреді. Жеңіл пайданы көздеген ұрылардың торауылдайтын тағы бір басты нысаны – пәтерлер. Қазіргі таңда ұрлықтың едәуір бөлігі – пәтер ұрлығы болып табылады.

 Бүгінде ақшаны адал еңбекпен емес, ұрлық-қарлықпен, әлімжеттікпен табуды кәсіп еткендер бар. Бұл – олар үшін «бизнестің» бір түріне айналған. Мәселен, Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып, күндізгі уақытта есік алдына жайылып жүрген 6 бас ұсақ малы жоғалғанын жеткізді. Түркістан облысында полицейлер тұрғынның жоғалған қойларын тауып берді.

Нақтырақ айтсақ, қала тұрғыны жоғалған қойларын қайтаруға көмектескен учаскелік полиция инспекторларының жедел және сапалы жұмысы үшін шынайы ризашылығын білдірді. Хабарламаны алған сәтте оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары шықты. Тәртіп сақшылары бірден іздеуге кірісіп, жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды қарап шықты.

Жүйелі жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде полицейлер, 3 сағат ішінде жайылымнан 3 шақырым қашықтықтан, яғни көрші ауыл маңындағы даладан жоғалған қойларды тапты. Полиция қызметкерлерінің кәсібилігінің арқасында табылған ұсақ малдар қала тұрғынына қайтарылды.

Бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру, яғни ұрлық қылмыстық құқықбұзушылығы Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 188-бабында көзделген.  Соның ішінде, атап айтқанда, ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігінде, яғни, үй-жайға заңсыз кірумен жасалған ұрлық, аталмыш баптың санкциясында мүлкi тәркiленiп, екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген, яғни ҚК-тің 11-бабының 4-бөлігіне сай, ауыр қылмыстық құқықбұзушылық болып табылады. Яғни, біреудің үйіне рұқсатсыз кіргеннің өзі қылмысты ауыралататын мән-жай болып табылады.

«Ұрлық түбі қорлық», — деп  бекерге айтпаған, оның арты жақсылыққа апармасы анық, егер ұрлық жасаса, сол ісі әшкереленіп өзі қорланады. Біреудің тапқан табысын, адал еңбегін қанау барып тұрған азғындық. Сондықтан, оны ауыр қылмысқа жатқызу дұрыс тұжырым деуге болады. Өз кезегінде тұрғын полицейлерге жоғалған қойларын аз уақыттың ішінде тауып бергені үшін алғысын білдірді. Елімізде де жыл өткен сайын нақ осы қылмыстың алдын алу мақсатында жаза қатаңдатылып келеді. Өкініштісі, кейбір азаматтарымыз ұрлықты қылмыс емес деп санамайды. Ал шын мәнінде қылмыстың аты – қылмыс. Өзгенің ақ адал дүниесін иемдену, оңай жолмен олжа табу – абырой әпермейді. Себебі «ұрлық түбі – қорлық».  

0 пікір