ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
30.04.2024 14:15
15
0

Бұрын тәрбие мен білім егіз деуші едік. Қазір сол егіздің сыңарының бірі дәріптеліп, екіншісі көп айтыла бермейді. Шын мәнінде, тәрбие – ізгі дүниенің бастауы. Соның ізімен білім мен ғылым жүрсе, қоғамда әділдік орнап, адамгершілік байрағы желбірейді.
Халқымыз «Тәрбие табалдырықтан басталады» деп бекер айтпаған. Тәрбиенің негізі отбасында қалыптасады. Ұрпақ тәрбиесі баршамыздың парызымыз, жалпы қарызым деп түсіну ләзім. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтылмаған. Қайсыбір ата-ана өз баласының әлсіздігін мектептен, мұғалімнен көріп жатады, ал мектептегілер керісінше ата-ананы кінәлайды. Тәрбие сапалы болу үшін балаға мектептің, ата-ананың, қоғамның жан-жақты қамқорлығы қажет.  Осы бағытта, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен қала прокуроры Кәукен Нәрікбаевтың қатысуымен “Өнегелі ұрпақ тәрбиесі-ортақ міндет” атты кеңесі өткізілді.

Кеңеске Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Райымбек Тасырбаев, Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова, ардагер ұстаз Гүлбарам Малыбаева, Түркістан қалалық ардагерлер алқасының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов және қаламыздың жалпы орта мектептерінің директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, орта арнаулы оқу орындарының басшылары мен ата-аналар комитеттерінің төрағалары қатысты.

Кеңесте кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар мен ата-аналардың жауапкершілігі қаралып, оларды алдын алу мәселелері көтерілді.  Қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіп – ор­тақ мақсат.  Жайлы және қауіпсіз қоғамды қалыптастыру мақсатында құқық бұзушылық пен тәртіпсіздікке төзбеушілік насихатталып, бейінді де зейінді, тәртіпті жастар өсіру қажеттігі үгіттелді.

         Әр ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын ұлы міндеттерінің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты саналы ұрпақ тәрбиелеу. Болашақ қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу аға буынның қоғам алдындағы зор борышы. Ал жастарды жан-жақты қабілетті азамат етіп өсіруде халықтық салт дәстүрлердің тәлім -тәрбиелік білім танымдық ролі зор. Қазақ халқы — рухани зор байлықтың мұрагері. Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, ғашықтық жырлары мақал-мәтел, шешендік сөз, айтыс өлеңдерінің сан ғасыр бойы өз ұрпағын сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі де өнерлі адамгершілік ар-ожданы жоғары намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық.

Тәуелсіздік туы желбіреген егеменді еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін, жерін, Отанын сүюшілік секілді ең асыл қасиеттерді қан мен жанына сіңіруде осы ата-бабамыздың салт-дәстүр негізін ұстансақ өте ұтымды болар еді.

 

0 пікір