ҮШІНШІ МЕГОПОЛИСТЕ 3 СУБҰРҚАҚ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ
ҮШІНШІ МЕГОПОЛИСТЕ 3 СУБҰРҚАҚ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ
23.04.2024 09:01
31
0

Мемлекет басшысы cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндетін жүктеген болатын. Шаһарды шырайландыру шеңберінде енді үшінші мегополисте алдағы уақытта үш субұрқақ қайта жаңғыртытылып, жаңа кейіпке енеді. Биыл қала көшелерін абаттандыру мен инфрақұрылым мәселесіне мейлінше мән беріліп отыр.

 Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Ордабасы алаңында және Түркістан, Тәшенов көшелерінің қиылысындағы "Көл" деп аталып кеткен субұрқақтарды жаңарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, жаңғырту барысында Әл-Фараби ауданында орналасқан жасанды су айдынын қалпына келтіру жоспарлануда. Қазір оның айналасын абаттандыру жұмыстары басталды. Сонымен қатар, су қоймасының аумағында субұрқақ іске қосылады. Жобада орындықтар, заманауи жарықтандыру шамдары мен көгалдандыру қарастырылған. Ал Ордабасы алаңында жаңартылған субұрқақтар іске қосылады. Қайта құру барысында жақын маңдағы аумақты жабдықтау жоспарлануда. Бұл шаралар өз кезегінде мәдени нысандарға халықтың көптеп келуіне мүмкіндік береді. Заманауи талапқа сай жаңартылған демалыс орындары қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды әрі бос уақытты тиімді өткізуге арналған жайлы орын болады. Жобалар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске асырылатын болады. Еске сала кетсек, бұған дейін әкімдің баспасөз қызметі жаңа екі саябақтың ашылатынын хабарлаған болатын. Оның бірі Желтоқсан көшесінің бойында. Қала әкімі абаттандыру жұмыстары мен қолданылатын материалдардың сапасын тексерген болатын. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мамыр айының соңына дейін пайдалануға берілетін жаңа демалыс аймағының ауданы шамамен төрт мың шаршы метрді құрайды. Құрылыс барысында жұмысшылар жаяу жүргіншілер жолдарын төсеп, жаңа қоршаулар орнатады. Сонымен қатар, орындықтар, шағын архитектуралық пішіндер, урналар мен жарықшам жүйелері қойылады. Соңғы кезеңде саябақ көгалдандырылатын болады. Ал екінші саябақ Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасы бойынша Еңбекші ауданында салынатындығы хабарланған. Серуендеу аймағы Жібек жолы мен Сайрам көшелерінің қиылысында бой көтереді. Бүгінде мұнда заңсыз нысандарды бұзу және қоқыстарды шығару жұмыстары жүргізілуде.

 

0 пікір