“ЗАҢ КЕРУЕНІ” ШЫМКЕНТТІКТЕРДІ ТЫҢДАДЫ
“ЗАҢ КЕРУЕНІ” ШЫМКЕНТТІКТЕРДІ ТЫҢДАДЫ
02.11.2022 13:01
36
0
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бастамасымен өтіп жатқан «Заң керуені» Шымкентке кеп тоқтады. Қарашаның бірінен басталған акция бүгін Түркістан сарайында жалғасты.
Акцияға қала әкімі Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов, қалалық құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, қала әкімінің орынбасарлары мен әкімдіктің салалық басқарма басшылары атсалысып, азаматтардың талап-тілегі мен арыздарын тыңдады.
Мұндағы мақсат - жергілікті жерде халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, заңдарды түсіндіру, заңды құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік топтарды анықтау, елдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту.
“Шымкент қаласының прокуратурасында азаматтарды қабылдау орталығы бар және онда кезекші прокурорлар азаматтарды кез келген уақытта қабылдайды. Дегенмен, біз азаматтарға өз аяғымызбен барып, шалғай елді мекендерде тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап жатырмыз”, – деді Ғабит Мұқанов.
Акцияға сұрақтары мен арыздарын айтып келгендердің басым көпшілігі әлеуметтік мәселелерді қозғаған. Кездесуде тұрғындарға мемлекеттік қызметтер, әлеуметтік көмектер, жәрдемақылар мен жеңілдіктерді алу, мүлікті тіркеу, салықтарды есептеудің дұрыстығы секілді мәселелердің шешімі бойынша сала мамандарынан заңнама шеңберінде тиісті кеңестер мен жауаптар берілді.
Айтып өтейік, «Заң керуені» Шымкентте қараша айының 4-іне дейін жалғасады.
Сонымен қатар, осы күні Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қала халқын жеке мәселелері бойынша кезекті бірыңғай қабылдауын өткізді.
Жалпы 250 - ден астам азаматты қала әкімі және салаға жауапты әкім орынбасарлары, басқарма басшылары, Шымкент қаласының прокуратура және қалалық полиция департаменті қызметкерлері, мемлекеттік орган өкілдері қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдады.
0 пікір