Ауыз су мәселесі әрқашан өзекті
Ауыз су мәселесі әрқашан өзекті
01.09.2023 17:00
24
0

Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой .

Тамаша Түркістандай жерде туған

Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой, - деп Мағжан Жұмабаев ағамыз айтқандай бұл қала Алланың нұры жауған қала десе болады. Себебі қаншама соғыс, ұрыстан аман қалған. Қаланың табиғаты керемет. Ал сәулет өнеріне келсек олар қаншама ғасырды артқа өткеріп, бүгінгі күнге дейін сақталған. Қалаға келуші туристер саны бүгінгі күнде бірнеше есе артқан. Өйткені қала күннен күнге құлпырып, заманауилық пен ескі заманның нақыштары орталанып, әдемі келбет беріп тұр. 

Түркістан – түркі дүниесінің рухани астанасы. Ғасырлардан жалғасқан тылсым тарихтың қойнауына айналған киелі мекеннің барша Тұран даласын мекен еткен бабаларымыз үшін қастерлі, қасиетті орын екеніне күмән жоқ. 2018 жылы еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен облыс орталығына айналған шаһар 5 жыл ішінде адам танымастай өзгергеніне көз куә. Алыс-жақын елдерден ат терлетіп келіп жатқан туристер де, атақоныс мекенді тұрғылықты қонысына айналдырып, көшіп келген тұрғындар да күн санап көбеймесе, кеміген емес. Сондықтан да, қаладағы инфрақұрылымды реттеп, шешімін табу аса маңызды. Халқымыз ішетін суына да ізет көрсетіп, оны «тіршіліктің көзі деп» әспеттеп, тіпті «Қайғысыз қара суға да семіреді», «Судың да сұрауы бар» деген мақал-мәтелдерді өмірге әкелген. Тіршілік тізбегіне терең үңіліп қарайтын болсақ, бір жұтым судың да қаншалықты қадірлі екенін аңғару қиын емес. Себебі отыз күн Оразада күні бойы нәр татпай жүретін адамдар ауызашар сәтінде алпыс екі тамырына ағылған судың сылдыры естіліп, дәмі сезілетінін айтады. Қара судың қадірі қалалықтар үшін де маңызды. Әсіресе қабат үйде тұратындар тіршілік көзінің тоқтамауын тілейді. Дегенмен астаналық деген аты болмаса, ауылдағыдай күн кешіп, ауыз суды тасып ішіп отырғандар елордада да аз емес.

Мемлекет басшысы 1 қыркүйек күнгі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі су мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғанын атап өткен болатын.

Ел тұрғындарының толықтай ауызсумен қамтамасыз етілуі кезек күттірмейтін мәселе екені белгілі. Осы орайда, облыс орталығы атанғанына 5 жыл толған Түркістан қаласындағы жасалынып жатқан жұмыстар да көзге қуаныш, көңілге жұбаныш болып келеді. Себебі, аздаған уақыт ішінде ауқымы кең қиындықтың шешілуі жолға қойылып, тұрғындардың тұрақты судан таршылық көрмеуі үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Сөзіміздің дәлелі ретінде, 42014 абоненттің 41552-сі ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілгенін айтсақ болады. Биылғы жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу басты міндет екенін айтқан болатын қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.

Әлемде ауыз су тапшылығы қаупі төніп тұрғаны көпке белгілі. Бұл біздің елді де айналып өтпейтіні анық. Аталған мәселені ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы да тілге тиек етіп келеді.

— Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал. Біздің елде судың 65%-і ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60%-ке жуығы құмға сіңіп кетеді. Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Жаңа тариф саясатына көшу қажет. Оны дереу қолға алмасақ, ахуал одан әрі күрделене түсетіні анық, — деген болатын Мемлекет басшысы жыл басындағы Парламенттің бірінші сессиясында.

Түркістан қаласы облыс орталығы болғанға дейін, яғни,  1 қаңтардағы мәліметке сәйкес, шаһардағы су құбырларының жалпы ұзындығы 1738,5 шақырымды құраған болатын. Ал соңғы бес жылдың ішінде, қалада көптеген құрылыстағы өзгерістер мен қаланың ұлғаюына байланысты тағы 339,3 шақырым су құбыры төселді. Қазіргі таңда шаһардағы су құбырларының жалпы ұзындығы 2078 шақырымды құрайды. Мұнан бөлек, ауыз суға арналған, сыйымдылығы 46,0 мың текше метр болатын алты резервуардың құрылыс жұмыстары аяқталды. Бұған дейін Түркістанда сыйымдылығы 26 мың текше метрді алатын бес сұйық су қоймасы болса, қазіргі су сыйымдылығы 72 мың текше метрге жетті. Ондағы таза ауыз судың көлемі шаһар тұтынушыларының қажеттілігін толықтай қанағаттандыруға қауқарлы. Мақаламыздың басында облыс орталығындағы ауыз сумен қамтамасыз ету 100 пайыз шешімін табатынын айтқан болатынбыз. Осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков сәуір айында өткізген брифингінде 2023 жылы 4 нысанның құрылысын аяқтау көзделіп отырғанын жеткізген еді. Жоба құны 5160,8 млн. теңгені құрайтынын да жасырмаған болатын қала әкімі.

Түрленген Түркістанды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін пайдаланатын су алу көздері Біресек және Мырғалымсай су жинау резервуарлары. Қала тіршілігі үшін аталған аса маңызды нысандарда 72000 шаршы метр су жиналып, халыққа беріліп келеді. Резервуарлардағы таза суды елге жеткізу күн тәртібіндегі елеулі мәселелер тізбегінен түспек емес. Атқарылған жұмыстардың көптігімен қоса, облыс орталығына қоныс аударып, ай санап артып келе жатқан халық саны да естен шықпауы керек. Демек, жасалынар жұмыстардың да бір сәтке тоқтамасы сөзсіз. Табиғат байлықтарының ішінде судың орны ерекше. Сусыз жер бетінде тіршіліктің болуы мүмкін емес. Су байлықтарын сақтау- бүкілхалықтың ісі екенін ұмытпауымыз керек. Себебі, су бірінші қажеттілік және біздің таптырмайтын байлығымыз. Республикамыздағы су ресурсының бітіп қалмауы біздің қолымызда. Ол – суды ысырап етпей, шашып-төкпеу. Ас үйде, жуынатын бөлмеде «су үйге келіп тұр» деген түсінікпен мөлшерден тыс шашып-төгу кімнің отбасында болсын кездеседі. Көзіңізге өзен-көлдердің азайған, солғанын елестетіп көріңізші! Суды есепсіз құрта берсек, осыған жетуіміз де әбден мүмкін… Бүкіл тіршілік иелерінің мекені біреу, ол – жер шары. «Суды шашып-төкпеу», «суды тиімді пайдалану» деген қағиданы балабақшадағы баладан, еңкейген қартқа дейін ұстанса екен. Шылым, сыра, арақ-шарапты жарнамалағанша, суды тиімді пайдалану, табиғатты қорғау секілді жайттарды ұғындыратын жарнамалар дүкенде, көшеде, кез-келген жерде тайға таңба басқандай көрсетілсе жақсы болар еді.

«Жылай-жылай арық қазсаң, Күле-күле су ішерсің» деген сөз бар қазақта. Бүгінгі түрленген Түркістандағы қолға алынған ауыз су мәселесі оңайлықпен оңтайлы шешім табар түйін емес. Сондықтан, қиындықсыз ешбір істің нәтижесіне жетпейтінімізді ұмытпаған жөн. Дәл қазір сұрауы бар судың бағасына жетіп, қадірін білмеске болмайтын уақыт.

0 пікір