ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВІНЕ ІРІКТЕУІНЕ ҚАТЫСУДЫҢ ТӘРТІБІ ТУРАЛЫ ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
ПРЕЗИДЕНТТІК  ЖАСТАР  КАДРЛЫҚ  РЕЗЕРВІНЕ  ІРІКТЕУІНЕ  ҚАТЫСУДЫҢ ТӘРТІБІ ТУРАЛЫ ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
05.09.2023 14:27
20
0

Кездесуде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Өркен Балажанов іріктеуге қатысудың тәртібі туралы түсіндірді. Кездесуді ұйымдастырған облыс әкімдігіне ризашылығын білдіріп, жастарды белсенді болуға шақырды. Оның айтуынша,  іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және  5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді Б1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Іріктеу 6 кезеңнен тұрады және қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында өткізіледі. Олар: Құжаттарды қабылдау; Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау; Ситуациялық тапсырмаларды шешу; Құзыреттерді бағалау (Assessment center және HR-сұхбат); Сарапшылық комиссияда әңгімелесу; Ұлттық комиссия отырысы.

Іріктеуге өтінімдерді қабылдау 1 қыркүйектен бастап pkrezerv.gov.kz сайтында қолжетімді болады. Өтінімдер 30 қыркүйекке дейін  қабылданады. Биыл Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты; Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау; Сыртқы саясат және инвестициялар; Экономикалық және қаржылық саясат; Цифрландыру; Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам салалары бойынша резервке іріктеу өтеді. Іріктеу қорытындысы бойынша 50 кандидат резервке алынады. Жеңімпаздар биыл желтоқсанда жарияланады.

 Кездесуде Президенттік кадрлық резервінің жеңімпазы, атақты шахматшы,  Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің өкілі Гүлісхан Нахбаева замандастары мен іні-сіңлілерін құжат тапсыруға шақырды. Президенттің бұл бастамасы жалынды жастарға үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті. Ал Президенттік кадрлық резервінің тағы бір өкілі, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы өзінің тәжірибесі мен білгенін ортаға салды. Іріктеуден сәтті өткен жастар мемлекеттік қызметтің және квазимемлекеттік сектордың жауапты лауазымдарына конкурстан тыс тағайындау құқығымен үш жыл мерзімге резервке алынатынын, іріктеу әділ әрі таза өтетінін жеткізді.

Бұған дейін елімізде екі рет Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу өткен болатын.

0 пікір