ҚАСИЕТТІ, КИЕЛІ МЕКЕН – ТҮРКІСТАН
ҚАСИЕТТІ, КИЕЛІ МЕКЕН – ТҮРКІСТАН
18.09.2023 13:49
89
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында туризмге қатысты: «Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайтындығын жеткізді. Осы орайда жуырда «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы жарияланды. Құжат Ұлттық экономика министрлігінің бастамасымен әзірленіп, 23 тамызға дейін талқылауға ұсынылған. Заң жобасы киелі қаланың өркендеуіне тигізер әсері жөнінде әлі талай ақтарып айтарымыз анық. Осы аталған заң жобасының ішінде ерекше еленетіні мәдени және діни мұраны қолдау, қасиетті орындар мен көрікті жерлерді сақтау және қорғау деген тармақ болып тұр. Бұл дегеніңіз, қасиетті мекендегі тарихи маңызы зор орындар мен біз сөз еткелі отырған саялы нысандардың күтімі мен оның санын арттыра түсуге жол ашатын жоба деп қарастырсақ қателеспеспіз.

Түрленген Түркістан түркі жұртының рухани астанасы. Сондықтан, мұндағы әрбір бой көтерген нысан өзіндік биік бағасын алуға міндетті. Мақаламыздың басында сөз еткендей, заң жобасында ойып тұрып орын алған көрікті жерлер қатарын арттырып, оның одан әрі әсемдене түсуі бәрімізге ортақ міндет.

Мыңжылдықтардан сыр шерткен көне шаһарымыз облыс орталығы болғалы бері мұнда көптеген өзгерістер орын алды. Қала келбеті күннен-күнге көркейіп, дамуда. Осыған байланысты келетін туристер саны да жылдан-жылға артуда. Біз осы материалымызда Түркістанда қала тұрғындары мен туристердің 1 күндік шығыны қанша болатыны жайында сөз қозғайтын боламыз.

                                                             Тамақтану

Бүгінде, шүкір дейік, қаламыз дамып, көркейіп, сан түрлі құрылыстар салынып, қарыштап жатқандықтан қаламызда түрлі мейрамханалардың, кафелердің, асханалардың, қоғамдық тамақтандыру объектілерінің де көбейіп жатқаны белгілі. Қазіргі таңда Түркістан қаласында үлкенді-кішілі 65-тен астам мейрамхана-кафелер өз қызметтерін халыққа тиісінше ұсынып отыр. Алыстан менмұндалап тұратын ерекше үлгідегі аталмыш орындар ішкі интерьердің әдемілігі, тартымдылығы, қызмет көрсетуі мен ұлттық тағамдардың саналуандылығы жағынан бірінен-бірі қалыспай келе жатқаны аңғарылады. Тіпті стильдік интерьерлердің, неоклассикалық жиһаздар мен пастелді түстердің түрлерінен көз шағылысса, гастрономиялық мәзірлер мен ұлттық тағамдардың саналуандылығынан да жаңылысуға шақ қаласың. Мұны мейрамхана-кафелердің облысқа сай болу үшін сервистік қызмет көрсету сапасының, түрлі тәжірибенің және ең бастысы аспаздардың біліктілігінің артқаны деуге болады.Түркістанға келген туристер тамақтануға қанша ақша жұмсайтынын білу мақсатында сауалнама жүргіздік. Сауалнама барысында Қазақстанның өзге өңірлері мен шетелден келген әр түрлі жастағы туристерге бірнеше сауалдар қойылды. Сауалнама қорытындысы бойынша, туристер 1 адамға күніне орташа есеппен 7-10 мың теңге жұмсайтындарын жеткізді. Ал, отбасымен келгендер 1 мезгіл тамақтың өзіне 8-10 мың теңге жұмсағандарын айтады.

(P.S. Автор: Дей тұрғанмен де бұл қатып қалған баға еместігін айта кеткен жөн. Бұдан аз да, көп те болуы мүмкін. Сапар барысында ас ішуге қанша ақша жұмсайтыныңыз сіздің қайда барғаныңызға байланысты болмақ).

Сауалнамаға қатысқандардың 90%-ы қаламыздағы тамақтану орындарындағы ас мәзірі мен қызмет сапасына көңілі толатындарын айтады. Туристер көбінесе тұрақтаған қонақ үйінен, кесене мен керуен сарай маңындағы кафелерден тамақтанатыны белгілі болды. Сондай-ақ, респонденттердің 20%-ы туыстарының үйіне қонаққа келгендіктен тамақтану тегін болып жатқанын айтады. Ал, қала тұрғындары сырттан тамақтанар болса 1 адамға шамамен 3-5 мың теңге көлемінде жұмсайды. Бұл, әрине күні бойы емес, 1 мезгіл тамақтану бағасы.Қаламыздағы ең арзан кафе «Astau» ұлттық тағамдар орталығы. Ондағы тамақтану құны 2500 теңге болады. Ал ең қымбат кафе «Top Tobe», «Grand Hall». Мұнда 1 адамға орташа есеппен 10-15 мың теңгекетеді.

                                                  Жол ақысы

Түркістан шаһарында қалада такси қызметін пайдаланушылар аз емес. Таңертең асығып жол бойында қол бұлғап тұрған жолаушылар күнделікті көріністердің біріне айналғаны қашшан. Десе де, жедел жету мақсатында оның бағасы тиімді ме, тоқтаған бейтаныс көлік қауіпсіз бе – ол жағына бірден мән бермейтініміз рас. Негізі, такси қызметімен айналысатын тұлғалар тиісті мекемеге келіп, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет екені белгілі. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігін қам¬тамасыз етудің бірден-бір жолы әрі такси қызметін реттеуге негіз болар еді. Беті аулақ, бейтаныс таксиге мінудің салдары жайлы жайсыз жәйттар аз естіп жатқан жоқпыз. Сонда да қажеттіліктен такси қызметіне жүгінуді тоқтатпаймыз. Себебі, такси жүргізушісі де, оны тұтынатын жолаушы да қарапайым халық. Такси жүргізушісі де нәпақасын тауып, отбасын асырауы керек, жолаушы керек жеріне жылдам жету керек. Моральдық тұрғыдан екеуін де түсінуге болады.Түркістан қаласы еліміз бойынша жол ақысы ең төмен аумақ ретінде ерекшеленеді. Қоғамдық көліктерде жол ақысы жетпіс теңге. Қоғамдық көліктердің өздерінің арнайы бағыты болады, яғни сол бағыт бойынша жүріп отырады. Біздің қалада индрайвер, яндекс, регион таксилері жолаушы ұсынған баға бойынша жүреді. Мысалы ретінде «Қуаныш» сауда үйінен «Керуен сарайға» дейін жол ақысы алты жүз теңгені құрайды. Қоғамдық көлік жолаушыны діттеген жеріне дейін жеткізіп салады. Жолаушы бағаны өзі ұсына алады. «Керуен сарай» кешенінде қала қонақтары мен тұрғындары үшін барлық жағдай жасалған. «Керуен сарайда» қайықтар бағасы адам басына бес мың теңгені құрайды. Келген туристер, қала тұрғындары «Керуен сарай» кешенін қайық арқылы аралай алады, сонымен қоса «Керуен сарай» кешенінде жеңіл алты адамдық көліктер бар, адам басы бес жүз теңге. Жеңіл алты адамдық көлікпен Тұңғыш президент саябағынан Керуен сарай кешенін аралауға болады. Түркістан қаласында жол-күре есеппен алғанда қала тұрғындары мен туристер үшін де кемінде бес жүз, алты жүз теңгені құрайды.

                                                    Ойын-сауық

Ойын-сауық алаңы туристердің көзіне бірден ілінетін жер болып табылады, сондай жерлердің бірі «Керуен сарай» кешені. «Керуен сарайға» кірсеңіз шығыстың ертегілер әлеміне енгендей боласыз. Бұл кешеннің ішінде балаларға және ересектерге арналған ойын алаңдары, аттракциондарда бар. Ойын алаңдары-ның бағалары туристер үшінде жергілікті тұрғындар үшін де қол жетімді, бір адамға орта есеппен 3000 теңге дей кетеді. Жалпы, Түркістанда туристтердің көзіне түсетін, «Жібек жолы» саябағы көз тартарлық Тұңғыш Президент саябағыда бар. Ең қымбат ойын-сауық орталығы «Khanshayim Plaza» кешеніндегі «Funky Townда» 1 балаға 3000 теңге. Ең арзаны «Жібек жолында» 500 теңгені құрайды.

                                                       Қонақ үй

Бүгінде шаһардың түрленуі көп дүниеге оң ықпалын тигізуде. Осыған байланысты әлеуметтік-экономикалық саланың маңызды бір бұтағы  қонақ үй қызметі дамудың жаңа бағытын жасап жатқандай. Анықтап айтқанда қаламыз облыс орталығы болғалы қарыштап бой көтерген құрылыстардың біршамасын қонақ үйлер құрайды. Бұл әрине, Түркістанға келетін туристер санының жыл сайын артып жатқанының айқын көрінісі. Демек, турист көп болса, қонақ үй де жеткілікті болғаны, сонымен қатар ең бастысы сапасы да соған сай болғаны абзал. Осыдан сәл ғана бұрын үлкен қалалардағы қонақ үйлердің сыртқы келбеті, тіпті олардың теледидардағы көрінісінің өзі талайымызды тамсандырушы еді. Бүгінде бәрі қадам аттасаң көз алдымызда.Бір күнге келген туристер қонақ үйлерге немесе таныстарына, туған-туыстарының үйіне қонақтайды. Қонақ үйлердің бағасы 13900-дан басталып 55000-ға дейін 1 бөлмелік. Пәтер жалға алатын болса 1 бөлмелік үйлер 6000-нан басталады және орналасуына байланысты қымбаттай береді. Мысалы «Кереуен сарайдың» жаныңдағы 1 бөлмелік элитный үйлердің бағасы 20000 теңгеден 2 бөлмелік үйлер 25000 теңгеден басталады. Және ең қымбаты қазіргі таңда 120000 болып тұр. Жергілікті тұрғындардың пәтер бағасының 1 айлық құны 1 бөлмеге 70000 теңгеден басталып, орналасуына байланысты 140000-ға дейін қымбаттай береді. 2 бөлмелік пәтердің бағасы 80000 теңгеден 230000 теңгеге дейін барады. Ал, 3 бөлмелі пәтерлер 150000-нан басталып, Керуен сарайға жақын орналасқан пәтерлер 400000 теңгені құрап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның туризм саласындағы әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Мемлекет басшысы туризм саласына ден қою керегін айтты.

«Тағы бір маңызды мәселе. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет», деді Қ. Тоқаев.

Сонымен қатар туризм саласына көбірек инвестиция тартуды тапсырды.

«Кәсіпкерлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек. Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ», деп атап өтті Президент.

Қазақтың тарихы, ешкімге ұқсамайтын болмысы, тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, дәстүрі кім-кімді болмасын қызықтыратын сөзсіз. Шет елден сапарлап келушілер өзге де өркениетті көргісі келеді. Еуропа, Азия елдерін айтпағанда, іргеміздегі жатқан Өзбекстан мемлекеті бұл жағынан бізден біршама алға адымдап кетті. Олар сан ғасырлық тарихы, қайталанбас шығыстық дара сәулеті бар Бұқара, Самарқан, Қоқан мен Хиуа секілді көне қалаларын туризм орталығына айналдырғалы біраз уақыт өтті. Жалпы, туристер қауымына заманауи қалалардан гөрі көне, тарихи қалалар көбіне қызығырақ екенін ескерсек, Түркістанға да туристер ағылатындай алғышарттар жасалынуы тиіс. Оның туризм әлеуетін қалыптастыруға толықтай мүмкіншілік те, жағдай да бар. Тек уақыттың еншісіндегі шаруа ғана...

 

Біз – тектіліктің тегеуріні мен ұлтжандылықтың ұстынын ұсақтатпаған дана халықтың ұрпағымыз. «Өткенін ұмытқан елдің – болашағы бұлыңғыр» деген тәмсілді ой зердесіне қонақтатқан жұрттың жалғасымыз. Мәңгілік мұратты мақсат еткен бабалардың асыл армандары мен мақсат-мұраттары – сіз бен біздің ардақты аманатымыз. Ендеше, сол аманатты арқалаған арда елдің алар асуы мен бағындырар белесі көп болсын!  

 

0 пікір