
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялап, еліміздің алдағы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының басым мақсаттарын мәлімдеген болатын. Президент өз сөзінде мәдениетті дамыту мәселелерін де қозғады.
«Қоғамды топтастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелерінде елдің тарихи мұрасы мен мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға үлкен рөл беріледі. Бұл тұрғыда Қазақстанның мүмкіндіктері кең, оның ішінде халықаралық аренада тиімді жайғастыру мүмкіндіктері де бар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бұл мәселедегі біздің саясатымыз қайта қарауды талап ететінін айтты. «Қазір мемлекет көбінесе бюджетті қуана-қуана алатын белгілі бір қайраткерлердің жобаларын ғана қаржыландыратын болып жүр. Жаңа жанрлық форматтарды игеріп, үнемі тәжірибе үстінде жүретін, солай бола тұра меценаттардың есебінен өмір сүретін жас және талантты мүсіншілер, суретшілер, театрлар, музыканттар, жазушылар төменде қалып қойып жатыр. Казақстандық мәдениет солардың арқасында жаһандық үндестікке ие болады емес пе?! Сондықтан, Үкімет сарапшылармен бірлесіп, жаңа мәдениет пен оның дарынды өкілдерін ілгерілетуге бағытталған практикалық шаралар жоспарын ұсынуы тиіс», - деді Президент.
Ұлы Жібек жолы бойындағы ерекше маңызға ие қалалардың бірі – Түркістан. Шаһарда білім мен ғылым, мәдениет, дін қатар дамыды. ХІІ ғасырда Сыр бойында орналасқан қалаларда қылует жерасты мешіттері көптеп пайда болып, олар ХХ ғасырдың ортасына дейін үздіксіз қызмет атқарғандығы жайлы мәліметтер ғылыми әдебиеттер мен жаһан жиһанкездерінің естеліктерінде жиі кездеседі.Қылует жер асты мешіті, ХІІ-ХV-ХІХғғ. Республикалық мәртебеге ие ескерткіш. XII ғасырда салынып XX ғасырдың бірінші жартысына дейін үздіксіз жұмыс істеп тұрған, жартылай жер астында орналасқан ортағасырлық діни құрылыстардың бірі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстігінде 120м қашықтықта орналасқан.
«Қылует» сөзі араб тілінен аударғанда «Халуәтун» жалғыз, жеке өмір сүруге ұмтылу дегенді білдіреді. Мұнда негізінен ғұрыпты құлшылықтың біріне жататын «зікір» ғибадаты орындалатын болған. Қожа Ахмет Ясауи пайғамбар жасы 63-ке толғанда қылуетті арнайы салдырып, қалған өмірін осы жерде өткізгендігі зерттеушілердің еңбектерінде кездеседі. Сонымен қатар, мұнда көптеген шәкірттерін тәрбиелеп, Диуани хикмет, Мират-ул-қулуб, Пақырнама және т.б. көптеген еңбектерін жазып қалдырады. Жалпы саны 18 бөлмеден тұрады. Қазіргі қалпына келтірілген жер асты мешітінде үш есік бар. Құрылысты салу барысында діни әдет ғұрыптарды орындауға қажетті және адам өмір сүруі үшін барлық жағдай қарастырылған. Мұнда Жамағатхана, Мешіт, шаруашылық қызметіне арналған, ыстық су дайындайтын, жуынатын, дәрет алатын және асхана бөлмелері толық қарастырылған. Бұдан бөлек, мұнда Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың төрт метр жер астында орналасқан «Ғар» бөлмесі түпнұсқа күйінде сақталған. Бір адамға арналып салынған бұл бөлменің қабырғалары және күмбезі төрт бұрыштанып, күйдірілген кірпіштен қаланып «Балхы» тәсілі бойынша жабылған. Қылуеттің ең үлкен бөлмесі болып Жамағатхана саналады және осы бөлмеде ғана терезе орнатылған. Сонымен қатар, Жамағатханада қылуеттің күмбезі орнатылған. Жер асты құрылысының төбесі ішкі жағынан ағаштан тұрғызылып, шатыры темірмен қапталған. Шатырын ұстап тұру үшін арнайы бағандар қойылған.
Ал, түркімен тілінде аударғанда «Қылует» – «құпия» деген мағынаны беретіндігін ғалым С.М.Давыдов өзінің «Суфизм в Туркмении» деген еңбегінде жазған. Қожа Ахмет Ясауи тариқатындағы қылует рәсімі жайлы ғалым Ф.Көпрүлү 1914 жылы жазған «Шура меджмуасы» атты мақаласында былай дейді:
«Қылует қалаған адам халықтың жаманшылығынан қорғану үшін емес, өз жаманшылығынан қорғану үшін бұл әрекетті таңдап алдым деп ойлауы керек. Өйткені, керісінше болған жағдайда өркөкіректік пен тәкаппарлыққа жол береді. Қылует қырық күнге созылатын, күні-түні ұйқы мен тамақтан шектеліп, тәкбір, истиғфар оқылып, Аллаға құлшылықпен өтетін ғибадат мерзімі ретінде сипатталады. Әзірет Сұлтан қабіріне сопылар, қажылар үнемі зиярат етсе де, жылда бір рет зұлхиджа айының алдында үлкен рәсімді түрде қылуетханаға кіреді».
Орыс ориенталисі В.А.Гордлевскийдің «Концепции истори Туркестанского святилища» деп аталатын еңбегінде Қожа Ахмет Ясауи алпыс үш жастан кейін өмір сүрген «Қылует» мешітінің қонақ үйлері мен жылқы байлайтын ат қоралары болғандығы жайлы мәлімет келтірілген. Сонымен қатар, В.А.Гордлевский 1929 жылы Түркістанда болған сапарында тұрғылықты халықтан естіген дерегіне сүйене отырып, жыл сайын қысқы шілде (25 желтоқсан – 5 ақпан аралығы) кезінде Түркістанға Орта Азия мен Кавказдан жиырма бес мыңдай адам келіп, қылуетке түсетінін айтқан. Қылуетте қырық күн болып, зікір салып құлшылық амалдарын өткізген. Жергілікті халықтың сопыларға ас-су тасығандығын да жазып қалдырған.
Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген ХІІ ғасыр тұсында сопылық ілімді қарапайым халық қана емес, ірі дін өкілдері мен билеуші топ өкілдері де мойындады. Ол ислам дінінің түркі халықтары арасында таралуы мен орнығуына үлкен әсер етті. Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті әрі туысы Мәулана Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насабнама» қолжазбасында Ахмет Ясауидің әкесі Ибраһим шайықтың отызға жуық «Қылует» мешіттерінде балаларды оқытқаны баяндалады. Ал, Қожа Ахмет Ясауидің өзі елуден аса «Қылует» жұмысына басшылық жасап, шәкірттерін шартарапқа діни білім беру үшін жіберіп отырған екен.
Тарихшы, ғалым М.Тұяқбаев «Түркістан сырлары» кітабында «Қылует» мешіттерінің міндетін атқарған мешіттерді атап өткен. Олардың арасында «Кіші Қылует», «Құмшық ата», «Шілдехана», «Шәмет Ишан» мешіті мен «Имам Марғузи» мешітінің құрылыс қалдығы осы күнге дейін сақталған. Соңғы жылдары «Құмшық ата», «Шілдехана», «Шәмет Ишан» мешіті, «Имам Марғузи» мешіттері қайта қалпына келтірілген. Ал, «Кіші Қылует» «Үлкен Қылует» сияқты тарихи орындар 1942 жылы бұзылып, олардың кірпіштері май зауытын (антибиотик зауыты) салуға жұмсалған екен. Ортағасырларға тиесілі болған бұл рухани кешендердің тәрбиелік мәні зор. Онда күн кешуге және құлшылық-ғибадатын атқаруға барлық жағдай жасалған. Қылуетте Қожа Ахмет Ясауи салдырған бір адамдық «Ғар» бөлмесіне қатар «Мешіт», «Жамағатхана», «Шаруашылық», «Құжыра», «Тахаратхана» бөлмелері болған.
ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін қылует жерасты мешітіне бірнеше рет археологиялық зерттеу жүргізілді. 1972-1973 жылдары Археология институты мен Қазақ КСР Мәдениет және спорт министрлігі бірлесе отырып, белгілі археолог Т.Н.Сениговаға қазба жұмысын тапсырады. Т.Н.Сенигова 1942 жылы бұзылып алынған қабырғалардың ізін табу мақсатында археологиялық барлауды траншеялық әдіспен жүргізеді. Қазба нәтижесінде табылған керамикалық және стратиграфиялық материалдарға сүйене отырып, археолог құрылыстың салыну мерзімін ХV-ХVІ ғасырлар деп көрсетеді. Алайда, Т.Н.Сенигова «Қылует» мешітінің ең көне бөлігі болып табылатын жер астындағы «Ғар» бөлмесінің іші-сыртына стратиграфиялық зерттеу жүргізбегендіктен алып кешеннің датасын анықтауда қателік жібереді. Оны кейінгі зерттеуші археологтар (Е.Смағұлов, Қ.Итенов, М.Тұяқбаев) анықтады.
Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген «Ғар» бөлмесінің ерекшелігі – «балх» әдісімен қаланған. Төрт қырлы күмбезбен жабылған. Ол жер бетінен 4-4,5 метр тереңдікте салынған ылғалды бөлме. Қабырғаның екі шетінде май шам қоятын орын да қарастырылған.
«Ғар» сияқты жеке адамның өмір сүруіне арналған бөлмелер Түркістандағы Қарнақ елді мекенінде, Сайрам мешіт құрылысында, Маңғыстау өңіріндегі Шопан ата, Бекет ата, Шақпақ ата, Сұлтан Үпі мешіттерінде, Бұхарадағы Бахауитдин құрылыс кешенінде, Піскент ауданындағы «Янтақ» селосында, Самарқандағы Шахи Зинда құрылысында, Ташкенттегі Зайнутдин баба кесенесінде және Құсам ибн Аббас кесенесінде кездеседі. Мәулана Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насабнама» еңбегінде мұндай мешіттердің Отырар мен Сырдың батыс бетіндегі Зернұқ (Уәсидыс) қаласында да болғандығы айтылады.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің мешіт бөлмесінен 50-60 метрдей жерде кіші қылует жер асты мешітінің орны сақталған. Оны 1960 жылы археолог Е.И.Пацевич бірінші болып зерттеді. Құрылыс төртбұрышты кірпішпен қаланып, жартылай жер астында орналасқан. Кішкене күмбезді, жамағатхана, тахаратхана бөлмелерімен қоса «Ғар» бөлмесі бар.
1972 жылы кіші қылуетті археолог Т.Н.Сенигова тұрғылықты халықтың айтуынша және Е.И.Пацевичтің жазған есебі негізінде зерттеп, 1976-1977 жылдары ғылыми мақала жариялады. 1997-2001 жылдары археолог-ғалым М.Тұяқбаев бастаған Түркістан археологиялық экспедициясы «Кіші қылуетті» қайтадан қазып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде «Кіші қылуеттің» 1942 жылы бұзылып, кірпіштері май зауытын (антибиотик зауыты) салуға жұмсалғандығы расталды. Түркістан өңіріндегі «Құмшық ата» мешіті, «Шілдехана» мешіті және Қарнақтағы «Шәмет ишан» мешіті, Шобанақ елді мекенінде орналасқан «Имам Марғозы» мешіттерінде де осы жағдай орын алғанын атап өткен жөн.
Мәулана Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насабнама» еңбегінде қылуетке адамдар жазғы шілде және қысқы шілдеде түсіп, онда қырық күн діни білімін жетілдіріп, қырық бірінші күні шығатындығын жазып қалдырған. Осындай діни үрдіс өткізетін жер асты мешіттерінің бірі – Күлтөбе қалашығының маңында орналасқан «Құмшық ата» мешіті. Бұл жер асты мешіті Х-ХІІ ғасырларға жататын археологиялық ескерткіш болып табылады. Ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай бір шақырым жерде ашық далада орналасқан. Сопылардың діни рәсімдер өткізуіне арналған. Мешіт екі бөлмелі болған. Жер асты мешіті Х-ХІІ ғасырларда өмір сүрген әулие Құмшық ата атымен байланысты айтылады. Зерттеулер мешітті ХІІ ғасырдан бастап халық жиналып, діни уағыздар, рәсімдер өтетін орын болғандығын растайды. Сонымен қатар, ел аузындағы аңызға сүйенсек – Қожа Ахмет Ясауи өзі де жер асты жолы арқылы «Әулие Құмшық ата» мешітіне барып мінәжат етіп отырған. Олай болса Х-ХІ ғасырларда Құмшық ата да «Ғарда» өмір сүріп, шәкірттері «Шілдехана» бөлмесінде зікір салып, сопылық әдет-ғұрыптар жүргізген деуге толық негіз бар.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен солтүстік-батысқа қарай 12 метр жерде орналасқан жер асты нысандарының бірі – «Шілдехана» мешіті. Ол сопылар қырық күн шілдеде діни әдет-ғұрыптар өткізетін орын болған. Шілдехана құрылысы ХІV-ХV ғасырларда салынған деп болжанады.
Түркістан қаласынан қырық шақырым жерде орналасқан, ХІХ ғасырда бой көтерген «Шәмет ишан» мешітінде үлкен құлшылық, кіші құлшылық бөлмелері, қылует, ғар бөлмесі, шаруашылық бөлмесі қарастырылған. Мешіт күйдірілген кірпіштен салынған. Ол Түркістан аумағында орналасқан қылует мешіттердің соңғы үлгілерінің бірі болып табылады. Мешітте сопылардың қырық күн шілдеде діни әдет-ғұрыптар өткізуіне барлық жағдай жасалған. Мешіт екі күмбезбен көмкерілген. Ондағы ағаш бағаналар тіреуіш қызметтерін атқарған. Бұл мешітке қосымша айван бөлмесі болған. Мешіттің жанынан медресе бой көтеріп, онда көптеген мүридтер білім алған. Олардың арасында Шортанбай Қанайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Балмағамбет Балқыбайұлы, Молда Мұса Байзақұлы секілді қазақ зиялылары білім алған деген деректер бар.
Қорыта айтқанда, еліміздегі жер асты мешіттерінің арнайы тізбегі мен картасы жасалып, оларды туристік бағытқа енгізу кезек күттірмейтін жұмыстар деп есептейміз. Қылует мешіті Ұлы Отан соғысы жылдары кірпіштерін май зауытын соғуға қолдану үшін бұзылған. Дегенмен 1972-1973 жылдары Т.Н.Сенигова және 1979 жылы Е.А.Смағұлов зерттеушілерінің жүргізген археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде ХV-ХVІ ғасырларға тән «Қылует» мешітінің орны анықталған. 1942 жылы сәулетші ғалым А.Л.Шмидтің жасаған макеті бойынша сол жерде қайта қалпына келтірілді. Халық аңызына қарағанда Сайрамнан басталатын жер асты жолының бір шеті осы Түркістандағы Қожа Ахметтің халуатымен жалғасып жатқан. Ал, кейбір деректерге қарағанда Қожа Ахмет халуатта күні бойы құдайға құлшылық етіп, ал ымырт қараңғылығы түскен соң, өзінің жер асты мешітінен әрі қарай қазылған жолмен Йассыдан он үш шақырым ұзап шығып, жусанды даланың жұлдызды түндерінде таза ауамен тыныстайды екен.
Халуатта ғұмыр кешкен он жылдың ішінде Қожа Ахмет өзінің атақты «Хикмет» деп аталатын циклді өлеңдерін жазған. Ақын өзі бәйіттерінде:
Құл Қожа Ахмет әрбір сөзің дертке дәрмен,
Тәліптерге баян етсем қаламас арман.
Төрт мың төрт жүз хикмет айт хақ пәрменімен,
Пәрмен болса, өлгенше жырласам мен, – деп даналық сөздерінің 4 мың 400 екендігін ескерткен. Бірақ өкінішке орай, шайырдың «даналық сөдерінің» түпнұсқасы сақталмаған. Ал бізге жеткен нұсқалары ХҮ және ХҮІІ ғасырларда көшірілген нұсақалары ғана.