Түркістан – болашағы зор, заманауи, жаңа қала
Түркістан – болашағы зор, заманауи, жаңа қала
23.10.2023 15:58
58
0

Құт пен бірліктің бастау көзі болған атаулы облыс төрт жылдығын жай бастағалы отырған жоқ. Кәдімгі өзіне ізбасар ретінде Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарын ала келді. Өзінің жүрген жолымен, басқан ізімен, бағындырған белестерімен, түрленген келбетімен  үлгі болмаққа ұмтылып-ақ тұр.  

Өз ғұмырының көрікті де көңілді төрт көктемін, жазиралы төрт жазын, қоңыр салқын төрт күзін, қаһарлы төрт қысын мәнді де мағыналы өткізіп, күрделі кешулер керуенін талықпай сүйреп, жеңіс тұғырына, биіктікке ұмтылу оңайға түспесе керек. оның да кермек дәмі, қиындықтары мен кедергілері жетерлік. Мәселесеі шексіз екені тіптен анық. Бұл төрт жыл облыс мәртебесін алып түрленуі деп ұғынған ләзім. Өйткені жәдігер шаһардың тарихы тамырлы, есім-сойы мыңжылдықтар қатпарына жасырынғаны һәм жаны мен тәні қазақ үшін қызмет еткені баршаға мәлім. 

Шындап келгенде Замана соққан жел дейтін аталы сөздің мағынасы арыда жатқандай. Тіпті әр адам баласын тұманды да ауыр-ауыр ой әлеміне жетелеп тұрғандай. Түркістан бір кездері басына бақ қонып, сән-салтанаты тасып күллі түрік жұртына борықты қоныс болған қасиетті орда. «Ертеде Түркістанды Тұран дескен» (Мағжан) сол бір дәуірлер көкжиегінде атына қызыға да, қызғана да қараған көшпелілердің арманы болған бақ мекен. Енді бір кездері отарлықтың отына күйіп, өлместің күнін кешкен шерлі жұрт.

Шындап келгенде киелі шаһар жайлы сөз бастау оңай дүние болмасы анық. Ол тарихы тамырлы, рухы асқақ киелі өлке. Қасиеттің ордасы болған қастерлі аймақ. Күллі Орталық Азия мен Тұран дала-сындағы ең көне қала дейтін атағы тағы бар. Заманында екі жүз жылға жуық уақыт Қазақ хандығының астана¬сы болғаны тарихтан белгілі. Енді бір сөзбен айтқанда, ұлт тағдырының ұлы шешімдері осында жасалып, ел келешегі сан мәрте талқыланған құтты топырақ.

Барша түркі халықтарының ата қонысы саналатын шаһарда рухани ілімнің бабасы болған Қожа Ахмет Ясауи жатыр. Сонау бабалар тарихынан сыр шертіп, мұқалмас жігер сыйлайтын құдірет бар онда. Содан да жеті ғасыр ілгері Ақсақ темір бас болып салдырған күмбезі көк тіреген кесене бізді өрлікке жетелейтіндей. Қазақтың даңқты хандары, батырлары, билерінен 130 – дан астамы жатыр. Олардың 21-і хандар. Қазақ жұртына түкіргені түйме алтын, қақырғаны қайма алтын болған тұлғалар. Ел іргесін жаудан қорғап, халқының амандығы үшін маңдай терін сарп еткендер. Осылай айта берсек сөз жалғаса бермек. Түркістанның маңыз мен шежіресі де ақтарыла бермек.

 

Кең-байтақ еліміз экономика­лық дамып, қуатты мемлекетке айналуы қол күші, яғни халық санына байланысты болады. Өз өндірістік тауарларымызды ішкі нарықта өзіміз сатып алып, тұтынушылардың мол болуы өндіріс­тердің дамып, ел қуатының артуы мен тәуелсіздігіміздің нығаюына ықпал етеді. Жыл сайын тоқыраған ауылдардан қалаға көшіп келіп, қоныстану жалғасуда. Яғни қала халқының саны ауылдар есебінен өсуде. Егер ауылдар жойыла бастаса, онда жағдайымыз не болмақ? Сондықтан үлкен зауыттар мен фабрик­аларды қала сыртына құрып, ауылдардан да жұмысшыларды қабылдап, азық-түлікті, демография­лық өсімді ауыл­дарды сақтап, қуаттандыру керек. Бір жа­ғынан қаланың жұлдызша кеңеюі қала ауасын таза сақтайды. Түркістан қаласын дамыту ісінде ең алғаш болып назар салатын салалардың қатарына электр энергиясы, ауыз су, жол және көгалдандыру үшін ағын суды тиімді пайдалану мәселелері күн тәртібінен түспейтіні анық. Ол үшін жергілікті билік аталмыш бағыттарда мүмкіндігіне қарай қызметін атқарып келеді. Жас ел болсақ та ешкімнен кем емеспіз. Ақ түйенің қарны жарылған заман келді. Күніне бес-алты рет тамақ жейміз. Бірақ мұндай молшылықтың өмірі қысқа болуы әбден мүмкін. Сондықтан қырық жыл қырғын болса да, сырттан әрқилы санкциялық қысым болса да, қыңқ етпейтін алып Мәңгілік ел іргетасын құрып алуымыз керек. Біз – аграрлы-индустриялы елміз. Сондықтан ауылдың қол күштерін тиімді пайдалана білуіміз керек. Бірақ құрдан-құр ешнәрсе өзінен-өзі бола бермейді. Біз географиялық алып елдер қатарындамыз. Каналдар қазып, ішкі сулары­мызды пайдалануға болады. Бұл туралы мақалам газеттерде талай рет басыл­ды. Мұнайға бай елдер лезде дами бастады. Қазір әлемде мил­лиардқа жуық адам аштықтың азабын тартуда. Енді біздің де сыртқа мол азық-түлікпен қатар тоқыма тауарларын шығаруға мүмкіншілігіміз  бар. Қазір халықаралық валюта құны мұнайға байланысты болып тұр. Ол валюта құны бірінші қажеттілік азық-түлікке де байланысты болса, тым жақсы болар еді. Бір сөзбен айтқанда, кең-байтақ елімізде ауылдар дамып, ауылдар мен қалалардың ішкі тығыз байланысы бізді әртүрлі дағдарыстан қорғайды. Сол үшін де қала мен ауылды қатар дамы­ту керек.  Түркістан облысының құрылғанына биыл бес жыл толып отыр. Осы кезеңде шаһардың салалық қызметтерінде қандай жетістіктерге қол жеткізілді, алда нендей тірліктер атқарылады деген сауал төңірегінде жауапты қызметкерлердің мәлімдемелерін негізге алып, жауап іздеп көрдік.Осынау ауқымды саланың төңірегінде қол жеткізілген сапалы қызметтермен қатар, тұрғындардың сыни ескертпелерінен арыла алмай жатқан тұстары да бар. Десе де, бұл ешқандай еңбек етілмегенінің, жұмыс жасалмағанының көрінісі дей алмаймыз. Сөзіміздің дәлелі ретінде, қазіргі таңда қарт шаһар тұрғындарының 98,5 пайызы электр жарығымен қамтамасыз етілгенін, оның 84 пайызы сапалы электр қуатын тұтынатынын айта кетсек болады. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһарда 42 014 электр абонентінің 35 679-ы сапалы электр жарығымен қамтамасыз етілгенін тілге тиек етіп, өтпелі 7 нысанның құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жөнінде айтқан еді. Жалпы, өткен жылы 3 нысанның құрылысы жүргізіліп, 90 пайыз жұмыс орындалып үлгерген көрінеді.

Бүгінгі технология дамыған қай елде болмасын жарық пен су мәселесі шеттен тыс қалған емес. Иә, адамзат баласына ең әуелі керегі де осы дүниелер екені анық. Жарық болмаса қаншама жұмыс та тоқтап қалары сөзсіз. Биылғы жылы жоспарға сәйкес, қала тұрғындарын үздіксіз жарықпен қамтамасыз етуді 99 пайызға жеткізу көзделген. Келер ұрпаққа не қалдырамыз деген сұрақ туады. Сол үшін қазiргi энергетикалық жүйенi мейлінше баламалы қуат өндiруге бұрғанымыз абзал. Әсiресе Оңтүстiк өңiрде, ал жел қуаты Батыс-Солтүстiк аймақтарда жеткi­лiк­тi. Қазақстанның дамуына оның технологиялық әртараптандыруына күрделі және маңызды екінші қадам – атом энергетикасының дамуы. Өйт­кені өзімізде уран барын, оның қоры бойынша әлемде алдыңғы орында екенімізді ескерсек, экономикамыз­дың деңгейін жаңа инновациялық тиімді пайдалы жолға қоямыз деген мақсатты қолға алу маңызды. Қа­зіргі заманауи технологиялардың деңгейі атом стансасын салуға, оның тиісті барлық халықаралық талапқа сай қауіпсіздік ережелерін сақтап, керекті міндеттелген стандарттарын қолдануға мүмкіндік береді. Көршілес Өзбекстан бұл мәселеде бізден алға шығып, құрылыстарын бас­тап жатыр. Ал енді үшінші күрделі мәселе – энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттыру. Менің ойымша, жалпы, энергетика саласы келешекте ел экономикасы әлем алпауыттарымен терезесі тең болуы үшін өте маңызды шешуші орын алады. Ол мақсаттар­ға жету үшін бүгіннен бастап еліміз­дің барлық өңірінде жаңартыла­тын энергия көздерін көбейту, атом энергетикасының дамуын, энергия үнемдеу және тиімділігін арттыру шараларын қамтамасыз етуіміз қажет.  Жел тұрса жедел жұмысы сыр беріп, жаңбыр жауса жарығы өшіп, дауыл болса дүрліге қоя беретін Түркістандағы жарық мәселесі бір мезетте реттеліп, бір-ақ сәтте шешіле қоймайтыны анық. Алайда, тұрақты жұмыстың нәтижесі көзге көрінбей қалмайды. Қарт қаланың дамуы үшін шаһарды 6 секторға бөліп, ондағы жұмыстардың жүйелі жүруін қала әкімі өз бақылауына алған. Нұрбол Әбдісаттарұлы Сауран секторында 3 нысанның құрылысы аяқталғанын, 7 мыңға жуық азамат сапалы электрмен қамтамасыз етілгенін айтқан болатын. Сонымен қатар, тағы бір нысанның құрылысы жалғасып жатқанын жасырмаған еді шаһар басшысы. Сол секілді, «Яссы» секторында да 2 нысанның құрылысы тәмәмдалып, 4 мың адам үздіксіз электр қуатын тұтынуға мүмкіндік алды. Одан басқа, 3 нысанның құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, тұрғындардың өтініші жауапсыз қалмай, жаңа 4 трансформатор орнатылған. 2023 жылы көпір құрылысын жоспарлаған Шауғар секторында да тұрғындарды сапалы электр жарығымен қамту мақсатында 3 нысанның құрылысы жүріп, 5 мың адам қажетті электр желілерімен қамтамасыз етілген. Тұрғындардың талап-тілектері негізінде 4 трансформатор жұмысын бастап кеткен еді. «Бірлік» секторындағы өткен кездесуде қала әкімі электр қуатының төмендігі жөнінде 6 шағым түскенін айтып, нәтижесінде, Арнасайға – 3 дана, Ару ана аумағына 1 дана, 8-көшеге 1 дана трансформатор орнатылғанын айтып еді.

Жаңарған жарықтың жақсылығына куә болып, сапалы электр қуатын пайдалануға мүмкіндік алғандардың бірі «Бекзат» мөлтек ауданының тұрғыны Мейірбек Сабиров. Ол облыс орталығында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде үздіксіз жарықпен жарақтанған.

«Облыс орталығы болған тұста Түркістанның осыншама өзгеріп, тіршілік тамырына қан жүгіреді деп ойламаған едік. «Бекзат» секторына қарасты Жәңгірхан көшесінде көзімді ашқалы тұрып келемін. Бұрын жел, дауыл, жаңбыр кездерінде жарық жиі өшіп, жайсыздық тудыратын. Соңғы жылдары біздің көшеге жаңа трансформатор орналастырылып, мәселе өз шешімін тапты. Сапалы жұмысы үшін жауапты мамандарға отбасымның, көршілеріміздің атынан алғыс айтамын»,- деді қала тұрғыны Мейірбек Сабиров.

Иә, облыс орталығы атанғалы жағымды жаңалық жетерлік. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» — дегендей, бұл бір ғана жақсы адамның емес, жақсы ұжымның жүйелі жұмысының нәтижесі. Түркістан қалалық «Инфрақұрылым және байланыс» бөлімінің жасап жатқан қызметі көптің көзінен таса қалып, сын мен міннің астында қалып жатады. Десе де, аталған сала өкілдері қала тұрғындарын төккен тер мен атқарылған қызметке ұқыпты қарап, жауаптылық танытуға шақырады.

Елімізде электр жарығын өндіретін 190 станция бар. Олар жылына жалпы 19 мың МВт электр энергиясын өндіруге қауқарлы. Бұл шамамен 115 миллиард киловатт/сағатына. Негізінен, Қазақстандағы жарық қуатын көмір, су, газ, мұнай, күн мен желден алады. Болашақта бұл тізімге уран, одан кейін сутегіні қосу жоспарланып отыр. Әлемде уран өндірісі бойынша көш басында тұрған еліміз үшін бұл жағымды жаңалық. Алайда, әлі күнге дейін бұл химиялық элементті өз деңгейінде пайдалана алмай, шет елге шикізат түрінде экспорттауымыз өз қолымызды өзіміз байлағанмен пара-пар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:

-Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. Қазақстанда энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға артып келеді. Бірақ іске қосылып жатқан жаңа қуат көздері оған сай емес. Сұраныстан артық өндірілген электр қуаты таяу арада сарқылуы мүмкін. Шын мәнінде, еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты,- деп пікір білдірген еді.

Расында да, тұрақтылықтың көрсеткіші ел тұрғындарының жақсы өмір сүруімен өлшенері анық. Бұл орайда, олардың сапалы жарықпен, таза ауыз сумен, үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз етілуі уақыт күттірмейтін мәселе. Түбі бір түркінің рухани астанасы Түркістандағы электр жарығының мәселесі де біртіндеп реттеліп, тұрғындардың тыныш өміріне, туристердің жақсы тынығуына жол ашады деп сенеміз.

0 пікір