ЖАЗУШЫ-САТИРИК КӨПЕН ӘМІРБЕКТІҢ БЕСТОМДЫҚ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕР РӘСІМІ ӨТТІ
ЖАЗУШЫ-САТИРИК КӨПЕН ӘМІРБЕКТІҢ БЕСТОМДЫҚ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕР РӘСІМІ ӨТТІ
30.03.2023 18:53
45
0

«Сатираның диюы» атанған Садықбек Адамбеков, Оспанхан Әубәкіров сынды алыптар легінің ізін жалғаған Көпен Әмірбек есімі уақыт ағынымен бірге жандануда. Сатираның жілігін шағып, майын ішкен сардар талант соңына классикалық үлгі қалдырып, сара жол салды. Өнер деп сүрген өмір өнегесі кейінгіге сәуле шашып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасары даусыз.

Күні кеше – Ұлттық академиялық кітапханада жазушы-сатирик, қоғам қайраткері Көпен Әмірбектің «Көпен келе жатыр!..» атты бестомдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Салтанатты жиынға Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Омаров, Бердібек Сапарбаев, Жарылқап Бейсенбай, Дархан Мыңбай, Ислам Әбішев, Дихан Қамзабекұлы және басқа да белгілі қоғам қайраткерлері мен қаламгерлер қатысты. Алғаш сөз тізгінін алған Сауытбек Абдрахманов сатирик есімінің дара сипатқа айналғанын жеткізді.

– Осы 5 томдық шықты деген кезде таң қалғаным рас. Себебі қай уақытта жазып үлгерген деп ойладым. Юмор бар жерде адамның жасампаздығы көрінеді. Осы тұрғыдан қарағанда Көпен Әмірбек өткен ғасырдың 70-80-90 жылдарында қазақ мәдениетінде елеулі рөл атқарған. Халқымызға ежелден тән қалжыңды, өткір сөзді, сын-сықақты жаңа бір биікке көтерген. Оспанханның даңқты дәстүрін жалғастырған жұлдызды ізбасары. Көпенді анық мойындаудағы тиісті дүние оның есімі. Біз Мұқағали, Фаризалар, Қадыр, Әбіштерді фамилиясыз айтамыз. Көпен де сондай сирек даңққа ие болды, – деді ол.

Ал сенатор Нұртөре Жүсіп Көпен Әмірбектің атқарған еңбектерін тілге тиек етті.

– Сатира саласында Көпен Әмірбектің орны да, аты да, еңбегі де ерекше. 2000 жылдары сайлауға Көпен аға да қатысқан. Жолы болмай, өтпеді. Сол жағдайдан кейін бір күні кездесіп қалдық. «Өзіңіздің үніңізді танытып, сатира саласында емін-еркін жүре бермейсіз бе» деп жұбату сөздерін айтқан едім. Содан кейін «Көпен келе жатыр!..» деген жоба басталып кетті. Сол атпен міне халыққа жатталып қалды. «Айқын» газетінде «Ара» атауымен арнайы қосымша шығып келе жатыр. Бұл да Көпен ағаға көр-сетілген құрмет деп білеміз, – деді сенатор.

«Көпен келе жатыр!..» атты бестомдық шығармалар жинағының лентасын Бердібек Сапарбаев, Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Омаров, Ислам Әбішевтер қиды.

– Көпеннің шығармашылығы бала күнінен, қазақ газеттерінен бастау алған. Ең алғаш сурет салып, «Қазақстан пионеріне» суретін жібереді. Бірақ ол басылым бетіне шықпайды екен. Көпекең интеллектуалды сатираның иесі еді. Кез келген нәрсеге даярлықпен келетін. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де бірнеше жиын болды. Ол кісі сахнаға шығып сөйлеген кезде ғылыми баяндаманың сатиралық форматын көрсетіп кететін, – деді академик Дихан Қамзабекұлы.

Модераторлық еткен журналист-жазушы Шархан Қазығұл кеш барысын әзілмен әдіптеп, сатириктің кеші көңілді өтті. Өз Көпенімен келген әрбір зиялы қауым өкілі пікірлерінен жаңа идеялар түзіліп, болашақтағы атқарылар іс-шаралардың сұлбасы жасалды.

0 пікір