«СЕРІНІҢ СЕРГЕЛДЕҢІ» ЛИРИКАЛЫҚ ДРАМАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТТІ
«СЕРІНІҢ СЕРГЕЛДЕҢІ» ЛИРИКАЛЫҚ ДРАМАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТТІ
19.04.2023 17:01
183
0

Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Ж.Сомжүректің «Серінің сергелдеңі» лирикалық драмасының премьерасы өтті деп хабарлайды Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының баспасөз хатшылығы.

Қойылым XIX ғасырдағы қазақ даласының жарық жұлдызы, талайлы тағдыр иесі Ақан сері Қорамсаұлының өміріне арналған.

Бұл қойылым Ақанның өмір жолынан алынған. Қойылымда Ақанның ешбір туған-туысы, бауырлары және қасында жүргендер жоқ. Тек қана Ақанның Құлагерді жоқтауы, Ақтоқтыдан айырылуы, Жамалға жете алмай, сарсаңға түскен сергелдең өмірі көрсетілген. Осы арқылы біз көрерменге серінің күйінішін, ішкі арпалысын көрсетуге тырыстық. Қойылымның басты ерекшелігі — Ақан серінің әндері, олардың шығу тарихы мен туындының шығуына түрткі болған оқиғалардың баяндалуы.

Ел ішінде кеңінен таралып, орындалып жүрген әндердің авторын бүгінгі қауымға осылай таныстыруды жөн көрдік, - дейді режиссер.
Көрерменнің құлақ құрышы қанып, көңілі сүйсінген қойылымда Ақан серінің рөлін (есейген шағын) актер Бауыржан Сегізбаев сомдап, дала дүлдүлінің «Маңмаңгер», «Әудем жер», «Ақтоқтының аужары», «Құлагер», «Сырымбет» әндерін әуелетті.

Бекболат Құрманғожаев «Бұл қойылымда жас актерлардың өсуіне, жас таланттардың сахнаға шығуына баса назар аударып отырмыз», деген болатын. Қойылымда Ақан серінің балаң болмысын сомдаған театр таланттары — Еркебұлан Серікбай, Байдос Рахман, Шәкәрім Сағымбай сахнада серінің сырбаздығын танытып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Көрермен көңілінен шығып, сері әуендерін нақышына келтіре орындаған актерлік құрамның шеберлігі де тәнті етті.
Сахнаның сәтті безендірілуі мен заманауи технологиялардың қолданылуы да қойылымның әсерлі әрі нанымды шығуына мол септігін тигізген жайт. Спектакльде Көкшенің ақ қайыңы сыр мен мұңға тұнған махаббат сазын тербетіп, Ақан сері мен Ақтоқтының серіктесіне айналады. Қоюшы-суретші, ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұловтың бұл сахналық шешімі өзінің ұтымдылығымен көрерменді баурай түсті. Театр репертуарында сценограф алғаш рет кинопроекторді қолданып, көрерменін бәйгеге шапқан Құлагермен бірге додаға түсіріп, Ақан сері мен Ақтоқтының сахнасындағы Көкшенің сексен көлінде қалқыған аққулармен бірге махаббат айдында қалқытты.
— Бұл қойылымды бүгінгі форматқа сай жаңартып, көрерменге қызықты етуге тырыстық. Қолда бар мүмкіндігімізді толық пайдаланып, декорацияға экранды да қолдандық. Сол арқылы көрерменге Көкшетаудың әсем табиғатын, сері заманына тән дала дидарын дәл, әрі анық беруге бар күшімізді салдық, - деді Б.Құрманғожаев.

0 пікір