ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢАДАН 5 ӨНДІРІСТІК АЙМАҚ ҚҰРЫЛЫП ЖАТЫР
ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢАДАН 5 ӨНДІРІСТІК АЙМАҚ ҚҰРЫЛЫП ЖАТЫР
15.06.2023 18:56
74
0
Бұл туралы елордадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов хабарлады.
 
–Өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты, жаңадан жалпы аумағы 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аймағын құру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, жаңадан 3 индустриалды аймақ ашып, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен Шымкент көлік-логистикалық аймағын кеңейту көзделуде. Бұл аймақтарда жалпы жиынтығы 400 млрд. теңгеге 284 инвестициялық жоба іске асырылады. Онда 12 мыңға жуық жұмыс орны құрылады, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
 
Қала әкімінің айтуынша, жаңадан құрылатын «Жұлдыз» индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Онда машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 200 млрд. теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Бұл 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған аймақта инвестициялық құны 147 млрд. теңге құрайтын, 42 жобаны іске асыру жұмыстарын бастап кеттік. Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 7 млрд. теңге құрайтын, 400-ден аса жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу көзделуде.
 
–Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту мақсатында аумағы 132 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға 23 млрд.теңге инвестиция тартылып, 1 800-ден астам жұмыс орны ашылады, – деді М.Әйтенов.
 
Сонымен қатар шаһар басшысы Президент тапсырмасына сәйкес, сауда-логистикалық орталығын кеңейте отырып, бүкіл оңтүстік өңірі үшін өңірлік-Хаб құру жұмыстары басталғанына да тоқталды. Бұл жоба 2023-2027 жылдар аралығында іске асырылады екен. Кеңейтілген аймақта 47 млрд. теңгеге қосымша 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Ал, «Стандарт» жеке индустриялық аймағына 30 млрд. теңге инвестиция тартылып, 150 жобаны іске асыру арқылы 2 мың жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.
 
"Шымкент келбеті"
0 пікір