ҮЗДІК ТҮЛЕКТЕРГЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛДЫ⁣⁣⠀
ҮЗДІК ТҮЛЕКТЕРГЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛДЫ⁣⁣⠀
30.06.2023 16:28
104
0
Жастар ресурстық орталығында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің 2023 жылғы үздік түлектеріне диплом табысталды. Аталған оқу орнында бакалавриат бағдарламалары бойынша 1264 түлек жоғары білім дипломын алса, оның ішінде 190 бітіруші студент үздік дипломмен аяқтады.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Диплом табыстау кешін университеттің ректоры Гүлжан Сүгірбаева ашып, студенттерге ақ жол тіледі. ⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
— 86 жылдық тарихы бар Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті Шымкентте ағартушылық қызметті жолға қойған, қаланың бүгінгі білім келбетін қалыптастырған іргелі жоғары оқу орны. Жоғары білімнің алғашқы ортасы болған ШымПИ-ден қаламыздағы басқа жоғары оқу орындары бөлініп шығып, өз алдына отауын тікті. Осылайша ОҚМПУ Шымкенттегі базалық жоғары оқу орны ретінде тарихқа енді. Осы жылдар ішінде жоғары оқу орны 70 мыңнан астам шәкіртті тәрбиелеп шығарды. Университет түлектері Қазақстанның барлық өңірінде және шет елдерде табысты қызмет атқарып келеді. Танымал түлектеріміздің қатарында ғылым академиктері, ғылым докторлары мен профессорлар, көрнекті мемлекет қайраткерлері, белгілі ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бар екенін әрдайым мақтан тұтамыз. Бүгінгі бітіруші түлектерден үміт үлкен. Болашақтарың жарқын болсын! – деді ОҚМПУ ректоры. ⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Бүгінгі кештің бітіруші түлектеріне естен кетпес әсер қалдыру үшін Қазақстанның бірқатар эстрада жұлдыздары қатысты. ⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Айта кетейік, ОҚМПУ-да бүгінде 6 факультет бар. Мұнда 33 мамандық бойынша 8 мыңнан астам студент білім алса, магистратура мен докторантурада 600-ден астам азамат ғылым жолын игеріп келеді.
«Шымкент келбеті»
0 пікір