Кешенді жоспардың басты мақсаты – көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, адал бәсекелестікті қалыптастыру, бизнестің ашықтығын күшейту және кәсіпкерлерге қосымша әкімшілік жүктеме жүктемей-ақ мемлекеттік бюджет кірістерін арттыру.
Соңғы жылдары Қазақстан бұл бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Елімізде 20 ақпараттық жүйе енгізіліп, жаңғыртылды. Айналымы 2 трлн теңгеге жеткен заңсыз интернет-казиноның қаржылық инфрақұрылымы тоқтатылып, 360 млрд теңге көлеміндегі негізсіз бюджеттік шығыстардың алдын алу мүмкін болды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде көлеңкелі экономиканың үлесі 2019 жылғы ЖІӨ-нің 24 пайызынан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 16,7 пайызға дейін төмендеді. Жаңа жоспар осы жетістіктерді нығайтып, 2028 жылға қарай бұл көрсеткішті ЖІӨ-нің 13,8 пайызына дейін қысқартуды көздейді.
Жоспардың негізгі тетіктерінің бірі – жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бірыңғай цифрлық мониторинг платформасын іске қосу. Бұл жүйе мемлекеттік органдардың деректерін біріктіріп, көлеңкелі экономика тәуекелдерін ерте анықтауға және заң бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жалпы құжатта сауда, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларын қамтитын 53 іс-шара қарастырылған.
Сауда саласын цифрландыруға басымдық беріледі. Digital Bazaar электрондық платформасы жетілдіріліп, міндетті цифрлық таңбалауға жататын тауарлар тізімі мен Ұлттық тауарлар каталогы кеңейтіледі. Бұл тауар айналымының ашықтығын қамтамасыз етіп, контрафактілік өнім көлемін азайтуға және нарықтағы барлық қатысушылар үшін тең жағдай қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар акцизделетін және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың айналымын бақылауды автоматтандыру, электрондық коммерция мен маркетплейстерді реттеу тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің өзара интеграциясын дамыту жоспарланған.
Әлеуметтік салада қызмет көрсету сапасын бақылауға, баға мониторингін жүргізуге және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалауға арналған цифрлық құралдар енгізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысында қаражаттың ашық қозғалысын қамтамасыз ететін «Цифрлық теңге» жобасының қолданылу аясы кеңейтіледі.
Кешенді жоспар кәсіпкерлерге қосымша әкімшілік талаптар жүктеуді мақсат етпейді. Негізгі басымдық цифрландыруға, процестерді автоматтандыруға, жасанды интеллект пен заманауи аналитикалық шешімдерді пайдалануға беріледі.
Жоспардың толық іске асырылуы экономиканың ашықтығын арттырып, көлеңкелі айналымды азайтуға, адал кәсіпкерлер үшін әділ бәсекелестік ортасын қалыптастыруға және бюджет кірістерінің тұрақты өсуіне жағдай жасайды.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru