Қазақстанда архив ісін дамытуға және тарихи мұраны сақтауға ерекше мән беріліп келеді. Соның нәтижесінде құжаттарды сақтау, қалпына келтіру және цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Биыл Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне 20 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында мекеме Тәуелсіз Қазақстан тарихына қатысты маңызды құжаттарды жинақтап, сақтайтын әрі ғылыми айналымға енгізетін жетекші архив орталықтарының біріне айналды.
Қазіргі таңда Ұлттық архив қорында 404 950 сақтау бірлігі бар. Сонымен бірге 16 миллион кадрдан тұратын сақтандыру қоры қалыптастырылған. Архив еліміздегі 278 ұйыммен тұрақты әріптестік байланыс орнатып, қорды толықтыру жұмыстарын жалғастырып келеді.
Соңғы жылдары архивті цифрландыру ісі де айтарлықтай қарқын алды. Цифрланған құжаттардың үлесі 3 пайыздан 26 пайызға дейін өсіп, электрондық форматқа 110 миллионнан астам бет көшірілді. Мекемеде ірі форматтағы құжаттарды цифрлауға арналған арнайы зертхана жұмыс істейді. Сондай-ақ миллиондаған құжаттың арасынан қажетті мәліметті бірнеше секунд ішінде табуға мүмкіндік беретін интеллектуалды іздеу жүйесі енгізілген.
Архивте Қазақстандағы алғашқы автономды, интернет желісіне қосылмаған электрондық оқу залы ашылған. Бұл зерттеушілерге цифрлық материалдармен қауіпсіз жұмыс істеуге жағдай жасап, архив деректерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
Тарихи құжаттарды қорғау бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ұлттық архивте 19 арнайы қойма, климаттық бақылау және газбен өрт сөндіру жүйелері, сондай-ақ цифрландыру және реставрация зертханалары жұмыс істейді. Соңғы үш жыл ішінде мамандар 1 447 тарихи құжатты қалпына келтірді.
Ұлттық архив ғылыми-әдістемелік орталық ретінде де маңызды міндеттер атқарады. Мұнда Мемлекеттік архив қорының каталогы жүргізіліп, салалық нормативтік құжаттар әзірленеді және ғылыми кеңестер ұйымдастырылады. Мемлекеттік тарих институтымен бірлескен «Ғылыми зертхана» жобасы аясында зерттеу жұмыстары жүргізіліп, соңғы үш жылда еліміздің әр өңірінде 20-ға жуық ғылыми-тәжірибелік семинар ұйымдастырылды. Ал Біліктілікті арттыру орталығы мыңнан астам архив маманына сертификат тапсырды.
Жастардың тарихи сана-сезімін қалыптастыруға бағытталған жобалар да табысты жүзеге асуда. «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясындағы ашық есік күндеріне қатысушылар саны 500 адамнан 2 мың адамға дейін өсті. Сонымен қатар Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп «Қазақстан тарихы» кабинеті ашылды.
Қоғамдық маңызы бар цифрлық бастамалардың бірі – «Мәңгілік жадымызда – Вечная память» порталы. Өткен жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл электрондық базаға бүгінгі таңда 705 мыңнан астам майдангер туралы мәлімет енгізілген.
Ұлттық архив жыл сайын 200-ден астам мәдени-ағартушылық іс-шара өткізіп, ғылыми жинақтар, фотоальбомдар және әдістемелік басылымдар жарыққа шығарады. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, ICA EURASICA ұйымы аясында Ресей, Өзбекстан, Түркия, Эстония, Франция, Сауд Арабиясы және басқа да мемлекеттердің архив мекемелерімен әріптестік байланыс орнатқан.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru