Алматыда 7 айлық жүкті әйел мен сәбиінің өліміне байланысты тексеріс басталды
Алматыда 7 айлық жүкті әйел мен сәбиінің өліміне байланысты тексеріс басталды
21.05.2026 10:14
21
0

Алматы қаласында жеті айлық жүкті әйел мен оның сәбиінің қайтыс болуына байланысты қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның туыстары дәрігерлердің әрекетіне наразылық білдіріп, медициналық мекемелер тарапынан салғырттық болғанын алға тартуда.

Жақындарының айтуынша, әйелдің жағдайы түнгі уақытта күрт нашарлап, ол есінен танып қалған. Осыдан кейін оны шұғыл түрде Өтеген батыр кентіндегі ауруханаға жеткізген. Алайда туыстарының сөзінше, сол жерде медициналық талдауларда қателік кетіп, науқасқа дер кезінде қажетті көмек көрсетілмеген.

Кейін жүкті әйел Алматыдағы №4 перзентханаға ауыстырылған. Бірақ туыстары бұл медициналық мекемеде де уақыттың босқа кеткенін айтады. Олардың мәліметінше, дәрігерлер бірнеше сағат бойы нақты шешім қабылдамай, тек бейнебайланыс арқылы кеңес өткізумен шектелген.

Тек таңғы уақытта әйел №2 перзентханаға жеткізіліп, оған шұғыл ота жасалған. Өкінішке қарай, дәрігерлер сәбидің өмірін сақтап қала алмаған. Біраз уақыт жансақтау бөлімінде жатқан анасы да бірнеше күннен кейін қайтыс болды. Марқұмның артында екі кішкентай баласы қалған.

Аталған жағдайға байланысты Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасы ресми түсініктеме беріп, оқиға бойынша қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, медициналық көмектің сапасына құқықтық баға беру үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Қоғам белсенділері мен марқұмның туыстары кінәлілер заң алдында жауап беруі тиіс екенін айтып, әділ тергеу жүргізуді талап етуде.

 

0 пікір