АЛМАТЫДА ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДА БЫЛАПЫТ СӨЗ АЙТҚАН ЕР АДАМ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ
АЛМАТЫДА ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДА БЫЛАПЫТ СӨЗ АЙТҚАН ЕР АДАМ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ
06.06.2026 20:34
8
0

Алматы қаласында қоғамдық тәртіпті бұзу дерегі бойынша ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде қаладағы ойын-сауық орындарының бірінде түсірілген бейнежазба анықталған. Бейнекадрларда сахнада өнер көрсетіп тұрған ер адамның қоғамдық орында өзін ұстау мәдениетін сақтамай, көпшілік алдында былапыт сөздер қолданғаны көрінеді.

Аталған дерекке байланысты полиция қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізіп, құқық бұзушының жеке басын анықтады. Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттер қоғамға құрметсіздік таныту және қоғамдық тыныштықты бұзу болып саналатынын атап өтті.

Жиналған материалдар сотқа жолданып, сот шешімімен ер адамға ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Алматы қаласының Полиция департаменті қоғамдық орындарда мәдениетті сақтау әрбір азаматтың міндеті екенін еске салды. Сондай-ақ құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған әрекеттер заң аясында қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

 Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желілерге жарияланған материалдар да тұрақты түрде бақылауға алынып, заң талаптарына қайшы әрекеттерге дер кезінде құқықтық баға беріледі.

 

0 пікір