Қазақстандықтар үшін енді Грузияның танымал туристік орталықтарының біріне жету бұрынғыдан да ыңғайлы бола түсті. FlyArystan әуе компаниясы Ақтау – Батуми бағыты бойынша алғашқы тікелей рейсін іске қосты.
Әуе компаниясының мәліметінше, алғашқы ұшақ 6 маусым күні таңертең Ақтау қаласынан көтеріліп, шамамен 1 сағат 50 минут ішінде Батуми әуежайына сәтті қонған. Жаңа бағытқа сұраныстың жоғары екенін алғашқы рейстің жолаушыларға толыққа жуық толуы көрсетті.
Жаңа халықаралық бағыттың ашылуына орай Ақтау және Батуми әуежайларында арнайы мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Салтанатты шараға әуежай қызметкерлері, әуе компаниясының өкілдері мен серіктестері қатысты. Ақтау әуежайында жолаушыларға тәтті тағамдар ұсынылып, естелік сыйлықтар табысталды.
Ал Батуми әуежайында қазақстандық рейс дәстүрлі су аркасымен қарсы алынды. Сондай-ақ жолаушылар мен экипаж мүшелеріне арналған фотосессия ұйымдастырылып, мерекелік торт ұсынылды.
Әуе компаниясының хабарлауынша, Ақтау – Батуми бағытындағы рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері орындалады. Ұшу бағдарламасы 29 тамызға дейін жалғасады деп жоспарланған.
Таңғы уақытқа қойылған рейс кестесі туристер мен іссапармен сапарлайтын жолаушылар үшін де қолайлы мүмкіндік береді. Жаңа бағыт Батыс Қазақстан тұрғындарының Грузияға саяхатын жеңілдетіп, туристік байланысты нығайтуға жол ашпақ.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru