Әскери білім беру жүйесінің цифрлық жаңғыруы жүзеге асырылуда
Әскери білім беру жүйесінің цифрлық жаңғыруы жүзеге асырылуда
21.07.2026 15:08
15
0

  Қазіргі таңда мемлекеттің қорғаныс әлеуетін арттыруда білімді, технологияны меңгерген және заманауи талаптарға сай әскери мамандарды даярлау маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, әскери білім беру жүйесінде оқу үдерісін жетілдіру мақсатында заманауи цифрлық технологиялар, симуляциялық кешендер, жасанды интеллект құралдары және қауіпсіз IT-инфрақұрылым кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл өзгерістер әскери мамандардың практикалық дайындығын арттыруға және жаңа технологияларды тиімді қолдану қабілетін қалыптастыруға бағытталған.

Барлық әскери даярлау бағдарламаларына киберқауіпсіздік бағыттары енгізіліп, оқу барысында цифрлық полигондар, виртуалды және толықтырылған шынайылық технологиялары кеңінен пайдаланылуда. Сонымен қатар әскери басқару саласында жасанды интеллект пен деректерді талдау мүмкіндіктерін қолдану жолдары дамытылып келеді.

Әскери білім беру саласында заманауи әрі қорғалған цифрлық орта қалыптастырылып, оның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Практикалық дайындық барысында ұшқышсыз авиациялық жүйелерді қолдануға ерекше назар аударылады. Курсанттар мен кадеттер ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы барлау жүргізу, нысандарды бақылау, атысты түзету, жағдайды бағалау және қарсыластың осындай жүйелеріне қарсы әрекет ету тәсілдерін меңгереді. Сонымен қатар ұшқышсыз кешендерді әскери бөлімдерді басқару жүйесіне енгізу бойынша тәжірибелік дағдылар қалыптастырылады.

Бұл бағыттар қазіргі заманғы қарулы қақтығыстар жағдайында ақпаратты жылдам алу, оны тиімді пайдалану және дәл шешім қабылдау қажеттілігіне сәйкес дамытылып отыр.

0 пікір