Түркістан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылындағы су мәселесі бүгінде жергілікті жұртшылықтың басты назарында тұр. Отыз жылдық тарихы бар дербес мемлекетімізде стратегиялық маңызы бар тіршілік көзі – ауызсу жүйесінің әлі де жекеменшік қолында болуы тұрғындардың ашу-ызасын тудырып отыр. 16 мыңнан астам халқы бар, 3 300-ден астам абонеті тіркелген үлкен ауылдың тағдыры бір ғана жеке компанияның еркіне байланып қалғаны қаншалықты әділетті? Міне, бүгінгі күннің басты сұрағы осы.
Ауылдағы су жүйесі қазіргі таңда ГКП «Сарыағаш Тұрмыс» мекемесі арқылы қамтамасыз етілгенімен, негізгі қозғаушы күш болып табылатын №2-тп ұңғымасы мен су тарату колонкалары «Рауан» ЖШС-нің иелігінде. Бұл жағдай халық арасында үлкен алаңдаушылық туғызып қана қоймай, әлеуметтік шиеленіске де себеп болуда. Тұрғындардың айтуынша, су – кәсіпкердің пайда табатын көзі емес, мемлекеттің бақылауындағы ортақ игілік болуы тиіс. Өйткені, жеке компания ертеңгі күні тарифті көтеріп, немесе техникалық ақаулар кезінде жауапкершіліктен қашатын болса, мыңдаған халықтың күні не болмақ?
Мәселенің төркіні тереңде жатыр. Қазіргі уақытта «Рауан» жеке компаниясына берілген рұқсаттардың заңдылығы мен жерді жалға беру мерзімдеріне қатысты үлкен тексеріс жүріп жатыр. Бұл мәселе тек ауыл деңгейінде емес, аудандық әкімдік пен құзырлы мемлекеттік органдардың қатаң бақылауына алынған. Сотқа талап арыз беріліп, тиісті құжаттардың заңдылығы мен негізділігі таразыға тартылуда. Егер сот әділ шешім шығарып, бұрын берілген рұқсаттардың заңсыздығын немесе мерзімінің өткенін растаса, №2-тп ұңғымасы Сарыағаш ауданы әкімдігінің теңгеріміне қайтарылмақ.
Халықтың үні анық: «Біз су үшін алаңдағымыз келмейді, біз мемлекеттің кепілдігін қалаймыз!». Жұртшылықтың пікірінше, стратегиялық нысандардың жеке қолда болуы — өткен кезеңнің қателігі. Бүгінгі «Әділетті Қазақстан» қағидаты бойынша, ел игілігі халыққа қызмет етуі керек. Мемлекет меншігіне өткен жағдайда ғана су жүйесін жаңғыртуға, бюджеттен қаржы бөліп, құбырларды жаңартуға және тарифтің тұрақтылығын сақтауға толық мүмкіндік туады.
Әкімдік өкілдері ауылда ауызсудың үзіліссіз беріліп жатқанын алға тартқанымен, бұл уақытша ғана тыныштық болуы мүмкін екенін бәрі түсінеді. Түпкілікті шешім — ұңғыманы мемлекет меншігіне заңды түрде қайтару. Қазіргі таңда «Рауан» компаниясына қатысты су пайдалану рұқсаттарының заңдылығын тексеру бойынша нақты сұраулар жолданды. Бұл — халық мүддесін қорғау жолындағы маңызды қадам.
Қорыта айтқанда, Дербісек халқының талабы орынды. Су — өмірдің нәрі, халықтың ортақ байлығы. Оны жеке кәсіпкердің қалтасын қампайтатын құралға айналдыруға жол берілмеуі тиіс. Сот процесінің нәтижесі Дербісек ауылының болашақ дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығының кепілі болмақ. Біз өз тарапымыздан бұл мәселенің соңына дейін әділ шешілуін және стратегиялық нысанның халық игілігіне қайтарылуын қолдаймыз. Мемлекет меншігі — халық меншігі, ал халықтың талабы — орындалуы тиіс бұлжымас заң!
Ұлмекен Есімқызы
"Dabylinfо.kz" ақпараттық агенттігі
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru