Облыс орталығында Халықаралық бишілер күніне орай «TURAN DANCE» республикалық би байқауы басталды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен бөлек, өзге де мемлекеттерден келген кәсіби би ұжымдары «халық биі» жанры бойынша өз өнерлерін ұсынды.
Іс-шараны Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде өңірде мәдениет саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
– Түркістан – еліміздің ғана емес, күллі Түркі жұртының рухани-мәдени кеңістігіне айналды. Былтыр Мемлекет басшысының Жарлығымен ерекше мәртебе беріліп, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып отыр. Осындай шаралардың өтуі – аталған мәртебелі атақты лайықты ұстауға оң ықпалын тигізеді деп сенемін. Өңірімізде республикалық, халықаралық деңгейдегі өнер фестивальдері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі байқау – соның айқын дәлелі. Өнер додасына елімізге танымал, кәсіби би ұжымдары қатысып, бақтарын сынауда, – деді ол.
Байқаудың мақсаты – еліміздегі кәсіби би өнерін дамыту, шығармашылық ұжымдардың тәжірибе алмасуына жағдай жасау және заманауи әрі дәстүрлі би бағыттарын насихаттау. Сайыста режиссер, продюсер, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» ордені иегері, Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, қазылар алқасының төрағасы Мейіржан Алиакбар, педагог-хореограф, ҚР мәдениет қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық хореография академиясының өнертану профессоры, «Қазақстан хореографтар одағының» мүшесі Айгүл Күлбекова, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақ ұлттық хореография академиясының докторанты, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Алмат Шәмшиев қазылық етті. Қазылар алқасы би ұжымдарының орындаған қойылымының сахналық және көркемдік деңгейіне, халықтық би элементтерінің дұрыс әрі таза орындалуына баса назар аударып, әділ баға берді.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде Қызылорда облысынан келген «Томирис» би ансамбліне бұйырды. І орынды Түркістан облысының «Би Сұлтан» би ансамблі иеленсе, ІІ орын Астана қаласынан келген ҚР Ұлттық Ұлан ән-би ансамбліне табысталды. Ал ІІІ орынға Астана қаласынан келген «Alem заманауи» би ансамблі ие болды.
Сонымен қатар Қарақалпақстаннан келген «Айқұлаш» ұлттық мемлекеттік фольклор ансамблі, Шымкент қаласынан келген «Шамсинур» би ансамблі, Орал қаласынан келген «Арна» би ансамблі, түркістандық «Samgau» би ансамблі және тараздық «Шолпы» би ансамбльдеріне арнайы жүлде табысталды.
Айта кетейік, биыл байқауға 70-тен астам үміткер өтінім жолдап, оның ішінде іріктеуден 25 өнер ұжымы өтті. Байқау ертең де заманауи би жанры бойынша жалғасады. «Керуен сарай» туристік кешенінде сағат 19:00-де басталады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru